Көкшетауда қаржы пирамидасының былығы әшкере болды: олар халықтан 136 млн теңге сыпырып алған

Автор: Асыл Арман

Олар кем дегенде 100 АҚШ долларынан бастап салым жасауды талап еткен

Фото: Telegram / АФМ Channel / Видеодан скриншот

Көкшетау қаласындағы «S-Group» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің басшыларына қатысты құқық қорғау органдары тергеу ісін аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ұйымдастырушылар «S-Pharmaceutical» және өзге де жобаларға медициналық каннабис өндірісі мен дистрибуциясына инвестиция тарту сылтауымен, салымшыларға әрбір жаңадан тартылған қатысушыға салым сомасының 5%-ы мөлшерінде кепілдендірілген табыс уәде еткен.

Қатысу үшін сайтта тіркеліп, кем дегенде 100 АҚШ долларынан бастап салым жасау талап етілген.

Айта кетсек, күдіктілердің бірі бұған дейін «Life Is Good» және «Finiko» қаржы пирамидаларына қатысып, онда табыс тауып, кейін осындай схема арқылы өз жобасын құрған.

Нәтижесінде қаржы пирамидаға 59 азамат тартылып, олар жалпы 136 миллион теңгеден астам қаражат салған.

«Күдіктілер салымшылардың ақшасына елордадан екі пәтер мен автотұрақ орнын сатып алған, оларға соттың санкциясымен тыйым салынды.

Үш ұйымдастырушыға қатысты қозғалысын шектеу және тәртіп сақтау туралы қолхатпен бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген ҚМА хабарламасында.