Қазақстанның павильоны Жапониядағы EXPO-да бірінші орын алды
Іс-шараға 160 ел қатысқан

Жапонияның Осака қаласында өткен EXPO 2025 Osaka дүниежүзілік көрмесі өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
EXPO Awards марапаттау рәсімі 12 қазанда өтті. Осы салтанатты шарада Қазақстан павильоны шағын павильондар арасындағы Theme Development («Көрме тақырыбын ашу») номинациясында бірінші орынға ие болды.
Бұл категорияға 90-нан астам ел қатысқан. Сарапшылар қазақстандық экспозицияны тақырыпты мазмұнды және креативті түрде ашқаны үшін жоғары бағалады.
Көрме ашылған күннен бастап Қазақстан павильоны жапон және шетелдік туристер арасында ерекше танымал болды. Мұнда келушілер еліміздің мәдениеті, дәстүрі, тарихы, инвестициялық және инновациялық әлеуеті, сондай-ақ цифрландыру мен тұрақты даму саласындағы жетістіктерімен танысты.
Жапон және халықаралық БАҚ Қазақстан павильоны туралы бірқатар мақалалар жариялап, оның мазмұны мен дизайнын ерекше атап өтті.
EXPO барысында Қазақстан павильоны ынтымақтастық пен идеялар алмасудың орталығына айналды. Мұнда 9 іскерлік және мәдени шара өткізілді.
Ең ірі оқиғалардың бірі Қазақстанның Ұлттық күні, ол 10 тамызда ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылды. Сол күні EXPO National Day Hall сахнасында Қазақстан Республикасының туы көтеріліп, шамамен 3 мың көрермен қатысқан мерекелік бағдарлама өтті.
EXPO көрмесінің алты айында Қазақстан павильонын 1,5 миллионнан астам адам тамашалады. Олардың қатарында ресми делегациялар, халықаралық ұйымдар, дипломатиялық миссиялар мен медиа өкілдері болды.
EXPO-ның ерекше сәттерінің бірі Халықаралық көрмелер бюросының (МБВ) Бас хатшысы Димитрий Керкентзестің ресми сапары болды. Ол павильонның құрылымы мен мазмұнын жоғары бағалады.
EXPO 2025 Osaka көрмесі 13 сәуір мен 13 қазан аралығында өтті.Оған 160 ел мен 9 халықаралық ұйым қатысты, ал келушілер саны 28 миллион адамға жуықтады. Көрме «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғам құру» тақырыбы аясында өтті және әлемдік деңгейде өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтты.