Қазақстанда карантин кезінде 4,2 млн адам табыссыз қалған
Көктемде жұмысынан айырылған әлі 700 мың адам жұмыс таба алмай отыр
2020 жылдың наурыз-сәуір айларында Қазақстанда 4,2 млн адам табысынан айырылған. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебі. Статистика комитетінің есебі жұмыссыз қалған азаматтардың санын аз немесе бұдан көп есептеуі де мүмкін, дейді Еңбек министрі Біржан Нұрымбетов.
«Еліміде төтенше жағдай еніп, карантин басталғалы бері дәл неше адам жұмыссыз қалғанын статистика комитеті анықтайды. Олардың есебі тоқсан сайын жүреді. Ал, біздің министрліктің есебінше, наурыздан бастап, сәуір айының ортасына дейін Қазақстанда 4,2 миллионнан астам адам жұмыссыз қалған. Шектеу шаралары тоқтаған соң әрине, олардың біразы қайта жұмысқа араласты. Бірақ, наурыз айының соңында әлі 1 миллионнан астам адам жұмыссыз болған. Маусым айында, тағы да біздің есеп бойынша, 700 мыңнан астам адам жұмыссыз отыр», - деді Нұрымбетов.
Айта кетейік, Еңбек минстрлігінің мәліметінше, төтенше жағдай кезінде берілген 42 500 теңге төлемді 4,6 миллионнан астам адам алған. Ол үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 320 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған. Бүгін министр 42 500 теңге көлеміндегі төлемді беру әзірге жоспарда жоқ деп мәлім етті.