42 500 теңге тағы да төлене ме – Еңбек министрлігінің ресми жауабы
Біржан Нұрымбетов мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты сарқылды деп мәлім етті
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жұмысшылардың көбі карантиннің күшеюіне байланысты, үйден жұмыс істеуге ауысқандықтан, қашықтан жұмыс істеуге жатпайтын маман иелеріне 42 500 теңге төлене ме деген сұраққа жауап берді. Нұрымбетов осы сұраққа жауап бере отырып сондай-ақ, осыған дейін 42 500 теңге төлеу үшін мемлекет құнды қағаздарын сатқанын, одан түскен қаражат таусылғанын да мәлім етті.
«Тура жауап берсем, 42 500 теңге төлем әзірге төленбейді, оны қайта төлеуді жоспарлап отырған жоқпыз. Біріншіден, айта кетейін, 42 500 төлеу үшін кезінде бюджеттен қаражат алынған жоқ, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражатынан алғанбыз. Ол қаражат қордың құнды қағаздарын сату арқылы түскен болатын. Сақтандыру қорының активтері мен құнды қағаздарын сатып, қаржы тетіктерін игеруде бізге Ұлттық банк жақсы көмектесті. Сол арқылы қажетті ақша түсіп отырды.
Соның нәтижесінде әлеуметтік сақтандыру қорының активтерін сатудан түскен 322 млрд теңге 42500 теңге төлеуге жұмсадық. Ел бойынша 4,6 млн адам осы төлемді алды. Сондықтан, қазір әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты шектелді. Жағдайға байланысты, осы немесе басқа төлем төлеу керек болса, енді басқа қаражат көзін іздеуге тура келеді», - деп қорытындылады сөзін Еңбек министрі.