Жағдайды түсініп тойды тоқтатпасақ, ертең кеш болады – Камалжан Надыров
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мегаполистегі коронавирустық жағдайдың қиын екендігін айтты
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров мегаполистегі коронавирустық жағдайдың қиын екендігі туралы айтты. Оған тек медициналық қызметкерлер емес, халықтың өзі де жауапты деді.
«Біз әлі күнге үлкен тойларды, ас, тағы басқа халық көп жиналатын шараларды өткізуге тырысатындарды көріп жатырмыз. Әрине, қазір мұндай жиындарды жасауға болмайды. Ертең кеш болып қалмай тұрғанда, қазір жағдайдың қиын екенін түсінуіміз керек», - деді К. Надыров.
Надыров қатаң тәртіпке бағынып, пандемияны жеңген елдерді үлгі етті.
«Бізге бір жағынан экономиканы ұстап тұру керек болса, екінші жағынан коронавирустың таралу тәуекелін азайту қажет. Бұл кез келген денсаулық сақтау жүйесіне оңай емес. Сондықтан ары қарайғы жағдай жүйенің ресурсына ғана емес, халықтың өзіне де байланысты. Әлемде осындай жаппай инфекцияның таралуына дайын болған бірде-бір ел жоқ. Дегенмен карантиндік тәртіпті қатаң сақтап, пандемия дағдарысын жеңген мемлекеттер бар», - деді ол.
Сонымен бірге Надыров халыққа коронавирус симптомдары жоқ болса, сақтану үшін ғана тест тапсырудың қажеті жоқ екенін түсіндірді. Зертханаға келетіндердің әсерінен туған ұзын-сонар кезек адамдардың арасындағы байланысты күшейтіп, тәуекелді көбейтеді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан