Биыл әлеуметтік-еңбек саласындағы көрсетілетін қызметтер электрондық форматқа көшіріледі
Цифрландырудың нәтижесінде министрлік былтыр 2,2 млрд теңгені үнемдеген
2020 жылдың соңына дейін әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтердің 100% электрондық форматқа көшіру жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов онлайн брифинг барысында мәлім етті.
Оның айтуынша, Еңбек министрлігі – цифрландыру деңгейі бойынша жетекші мемлекеттік органдардың бірі. Тек 2019 жылдың өзінде ғана әлеуметтік-еңбек саласындағы көрсетілетін қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру 2,2 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берген.
«Бүгінгі күні Еңбекмині бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – Қазақстан халқының 100%-ы, яғни 7 млн. отбасы қамтылған «Отбасының әлеуметтік картасы». Осы әлеуметтік карта әрбір отбасы қандай өмірлік жағдайда екенін, күрделі немесе дағдарыс ахуалдан шығару бойынша жұмыс алгоритмін көрсетеді. Әлеуметтік карталарды қалыптастырғаннан кейін күрделі және дағдарыс жағдайында болған 101 мың отбасы анықталды. 12,7 мың адамды жұмысқа орналастыру, 68,8 мың азаматты емханаларға тіркеу, 72,9 мың баланы балабақшалар мен мектептерге тіркеу бойынша шаралар қабылданды. 1451 отбасы күрделі және дағдарыс жағдайынан шығарылды», – деді Біржан Нұрымбетов.
Жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру саласында «Электрондық еңбек биржасы» және «Электрондық еңбек шарттары» жобалары іске асырылуда.
«Электронды еңбек биржасы арқылы 1,2 млн-нан астам адам жұмыс таба алды, олардың ішінде 868 мың адам тұрақты жұмыс орындарына, 341 мыңы уақытша жұмысқа орналастырылды», – деп атап өтті министр.