Ақтауда апатқа ұшыраған AZAL ұшағына Ресейдің қатысы бар ма: Путин жағдайды түсіндірді
Путин Ақтау маңындағы AZAL ұшағының апаты туралы пікір білдірді

Ресей президенті Владимир Путин 2024 жылдың желтоқсанында Ақтау қаласының маңында апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясының ұшағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.
Путин мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің кездесуі Душанбе қаласында, «Орталық Азия – Ресей» саммиті қарсаңында өтті. Ресей басшысы келіссөзді әуе апаты мәселесін талқылаудан бастауды ұсынды.
Путин Әлиевке ұшақ апаты Ресей әуе кеңістігінде болғаны үшін кешірім сұрағанын еске салды.
«Жалпы, бұл қайғылы оқиғаның себептерін айту қажет. Ол бірнеше жағдайға байланысты. Біріншіден, Ресей түнгі уақытта шекараны кесіп өткен үш украиналық ұшқышсыз аппаратты назарда ұстады. Екіншіден, Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінде техникалық ақаулар болған», – деді Владимир Путин.
Ресей президентінің айтуынша, әуе қорғанысы жүйесінен атылған екі зымыран ұшақты тікелей соқпаған, олар шамамен он метр жақын тұста жарылған.
«Ұшаққа зақым келді, бірақ ол жауынгерлік элементтерден емес, зымыран сынықтарынан болған. Сол себепті ұшқыш бұл жағдайды құстармен соқтығысу деп ойлап, ресейлік диспетчерлерге солай хабарлаған. Мұның бәрі «қара жәшіктерде» тіркелген», – деп нақтылады Путин.
Ол сондай-ақ экипажға Махачкалаға қону ұсынылғанын, командирдің базалық әуежайға ұшуды жалғастыру туралы шешім қабылдағанын айтты.
Путин осы іс бойынша лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беретінін, бірақ түпкілікті қорытынды жасау үшін уақыт қажет екенін жеткізді.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ресей басшысына ұшақ апатына қатысты берілген ақпарат үшін алғыс айтты.
Айта кетейік, AZAL әуе компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсан күні Бакуден Грозныйға ұшып бара жатып, Ақтау қаласының маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. 38 адам қаза тауып, 29 адам аман қалған.
Апатқа қатысты тергеуді Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) конвенциясына сәйкес Қазақстан жүргізіп жатыр. Тергеуге Әзербайжан, Ресей және Embraer компаниясының өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысып жатыр.