Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту жұмысы әлі жобалау сатысында тұр – депутат
Мәжілісмен шағын зауыттарды қолдауды сұрады

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев Үкіметтен шағын мұнай өңдеу зауыттарының әлеуетін тиімді пайдалану және отандық нарықты мұнай өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ету мәселесін шешуді сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, бүгінде елімізде бензин мен дизель отынының тапшылығы, Ресейден импортқа жоғары тәуелділік және қолданыстағы ірі мұнай өңдеу зауыттарының қуаттылығының жеткіліксіздігі алаңдаушылық туғызып отыр.
«Энергетика министрлігінің дерегінше, 2024 жылы 10,9 млн тонна жеңіл мұнай өнімі өндірілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 12,3 млн тоннаға дейін өседі деп жоспарланған. Алайда Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту жобалары әлі де жобалау сатысында тұр. Ал жаңа ірі зауыттар салу мәселесі жобаға дейінгі зерттеу деңгейінде қалып отыр», – деді Мұрат Ергешбаев.
Мәжілісменнің айтуынша, Үкімет келесі жылы Ресейден 1 млн тоннадан астам мұнай өнімін импорттауды жоспарлап отыр, бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
«Бүгінде Қазақстанда 20-дан астам шағын мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді. Олардың жиынтық қуаты жылына 4,5-6 млн тоннаны құрайды. Бұл – ішкі нарықты жеңіл мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуде елеулі резерв. Сонымен қатар, шағын зауыттарда химия өнімдері мен техникалық сұйықтықтар сияқты қосымша өнім түрлерін өндіру – табысты арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті депутат.
Осыған байланысты Мұрат Ергешбаев Үкіметтен шағын мұнай өндіру зауыттарын қолдау тетіктерін қайта қарап, тексеру мен бақылау шараларын оңтайландыруды және несиелік ресурстарға қолжетімділікті арттыруды сұрады.
Оның айтуынша, бұл бастамалар өндіріс тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын сақтауға және мұнайды терең өңдеудің жаңа модульдік қондырғыларын дамытуға мүмкіндік береді.