$ 540.06  628.25  6.61
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Сапасыз салынған»: депутат тасжолдарды жөндеу жұмысына қатысты өзекті мәселе көтерді

Ол Үкіметтен мәселені жедел түрде шешуді сұрады

«Сапасыз салынған»: депутат тасжолдарды жөндеу жұмысына қатысты өзекті мәселе көтерді
Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еркебұлан Мәмбетов Үкіметтен Көкшетау-Кішкенекөл-Бидайық бағытындағы республикалық маңызы бар автожолдағы күрделі жөндеу жұмыстарының баяу жүру себептерін анықтап, мәселені жедел шешуді сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, А-13 «Көкшетау-Кішкенекөл-Бидайық-РФ шекарасы» автожолы – Ресеймен шекаралас шалғайдағы Ақжар және Уәлихан аудандары тұрғындары үшін аса маңызды бағыт. Алайда жолдың қазіргі жағдайы халықты қатты алаңдатып отыр.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасының орындалу барысын бақылау мақсатында депутат аталған учаскеде болып, «Атырауинжстрой-АИС» мердігер компаниясының жұмысымен танысқан.

«2023 жылы басталған жобаның жалпы құны – 11,3 млрд теңге. 2024 жылы 1,6 млрд теңге игерілді. Ал 2025 жылға республикалық бюджеттен бар болғаны 10 млн теңге бөлінген. Бұл қаражат жобаның 1 пайызына да жетпейді, сондықтан құрылыс техникасы нысаннан әкетілді», — деді Еркебұлан Мәмбетов.

Депутаттың сөзінше, жауапты органдар мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметі бойынша, жобаны қаржыландыру 2025 жылы Қазақстанның Даму Банкі есебінен қайта басталған. Дегенмен, мердігер ұйым өз міндеттемелерін орындауға асығар емес.

«Қазіргі таңда айналма жол сапасыз салынған, нақты жұмыс кестесі жоқ, ал жолдарды қысқы күтіп ұстау жұмысы жүргізілмей отыр. Бұл жағдай жергілікті тұрғындардың наразылығын күшейтіп, қоғамда шиеленіс туғызуда», — деп атап өтті депутат.

Осыған байланысты Еркебұлан Мәмбетов Үкіметтен жолдың күрделі жөндеуін уақтылы әрі сапалы аяқтау үшін нақты шаралар қабылдауды сұрады.

Серіктес жаңалықтары