$ 545.67  636.41  6.57
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Өтеген батыр ауылында Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мәдениет үйі ашылды

«AMANAT» партиясының қолдауымен ел күткен мәдениет нысаны пайдалануға берілді

Өтеген батыр ауылында Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мәдениет үйі ашылды
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Өтеген батыр ауылында көп жылдар бойы құрылысы аяқталмай келген мәдениет үйі пайдалануға берілді. Нысанның жөндеу жұмыстары «AMANAT» партиясының араласуымен аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«AMANAT» партиясының мәліметінше, жаңа мәдениет үйі ұлт руханиятының көрнекті өкілі, халық композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналды. Жоба «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Салтанатты ашылу рәсіміне Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және партияның облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев қатысты. Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған құттықтау хаты оқылды.

«Нұрғиса Тілендиев өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты, еліміздің мәдени мұрасын жаңғыртуға және қазақтың ән-күйін жер жүзіне танытуға зор еңбек сіңірді. Ол «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалап, ұлтымыздың рухани дүниетанымын байыта түсті. Нұрғиса Тілендиев алтын қорымызға енген пьесалар мен фильмдерге музыка жазып, театр және кино саласында қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Композитордың теңдессіз мұрасы әлі талай ұрпаққа тағылым берері сөзсіз. Оның есімі қазақ мәдениетімен бірге мәңгі жасай береді», – делінген құттықтауда.

Жаңа мәдениет үйінде 400 адамға арналған үлкен зал, шығармашылық кабинеттер, көрме және би залдары, заманауи сахна бар. Айналасы толық абаттандырылып, автотұрақ пен демалыс аймағы салынған.

Сондай-ақ мәдениет үйінің алдында ұлы композиторға арналған ескерткіш орнатылды. Қоладан құйылған мүсіннің биіктігі – 2,85 метр, тұғыры граниттен жасалған.

Еске салсақ, Өтеген батыр ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы бірнеше жыл бойы тоқтап тұрған еді. Қаржыландыру мен жобалау мәселелеріндегі кідірістер жұмыстың ұзаққа созылуына себеп болған. Бұл мәселені «AMANAT» партиясының Мәжілістегі фракциясы бақылауына алып, партияның араласуымен құрылысқа қосымша қаржы бөлінді. Соның арқасында құрылыс толық аяқталып, нысан халық игілігіне берілді.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін Алматы облысында 25 мәдениет үйінің құрылысы және 27 мәдени нысанның күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары