Парламент Мәжілісі Құрылыс кодексінің жобасын бірінші оқылымда қарайды
Кодекс жобасы құрылыс саласындағы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған

Парламент Мәжілісінің спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жалпы отырыста депутаттарға «Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің жобасын ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда қарау ұсынылады. Құжат 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру мақсатымен әзірленген.
Кодекс жобасы құрылыс саласындағы жүйелі мәселелерді шешуге, адамның өмір сүруіне қолайлы әрі қауіпсіз ортаны қалыптастыруға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі топтар үшін нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Онда сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі бойынша қабылданатын шешімдерді талқылауға қоғамның қатысуы, бұзушылықтарға уақтылы әрекет ету, сондай-ақ жобалау мен құрылыс саласындағы мамандар мен ұйымдарды сертификаттау қарастырылған.
Мәжіліске сондай-ақ Парламент депутаттары бастамашылық еткен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын қарау ұсынылады.
Заң жобасы жер қойнауын пайдалану саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға және уран өнеркәсібінде мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталған. Жер қойнауын геологиялық зерттеу лицензиясынан жер қойнауының аз зерттелген аумақтарында орналасқан учаскелер бойынша барлау және өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа көшу құқығын жер қойнауын пайдаланушыға басымдықпен беру бөлігінде өзгерістер енгізіледі.
Сонымен қатар көмірсутектерді барлау және өндіру жөніндегі келісімшарттарды алғашқы үш жыл ішінде иеліктен шығаруға тыйым салу, ұлттық компаниялар үшін аумақтарды резервтеудің үш жылдық шектеуін енгізу, аз зерттелген аумақтарда аукцион өткізу мерзімдерін қысқарту, геологиялық барлау жұмыстарының ең төменгі көлемін белгілеу қарастырылған. Сондай-ақ уран саласындағы ұлттық компания үшін уран кен орындары мен уран кен залеждерін барлау аумақтарын резервтеу механизмі енгізіледі.