Тарихтағы алғашқы адам: Илон Масктың байлығы 500 млрд доллардан асты
Масктың байлығының өсуіне басты себеп – Tesla акцияларының 4%-ға қымбаттауы

Forbes дерегінше, кәсіпкердің капиталы 1 қазан күні 500 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш Маскты ең бай адамға айналдырып, оның дүние-мүлкі Oracle негізін қалаушы Ларри Эллисоннан 150 млрд долларға асып түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Триллионер атануға жарты жол қалды
Сарапшылардың айтуынша, Маск қазір әлемдегі алғашқы триллионер атануға үміткерлердің бірі.
Масктың байлығының өсуіне басты себеп – Tesla акцияларының 4%-ға қымбаттауы. Бұл оған қосымша 9,3 млрд доллар табыс әкелді.
2024 жылдың сәуірінен бері Tesla құны екі есеге жуық артқан. Бұл Масктың Дональд Трамп әкімшілігінен кетіп, бар күшін компанияға арнағанынан кейін болды.
Қазір Масктың Tesla-дағы үлесі 191 млрд долларға бағаланып отыр. Сонымен қатар, директорлар кеңесі оған жаңа өтемақы пакетін ұсынған. Егер белгіленген мақсаттарға қол жеткізсе, Маск 1 трлн долларға дейін табыс табуы мүмкін.
SpaceX пен xAI да ықпал етті
Масктың байлығын арттырған тағы екі негізгі жоба бар:
SpaceX – 2002 жылы құрылған компания 2025 жылдың тамызында 400 млрд долларға бағаланды. Масктың 42% үлесі шамамен 168 млрд долларды құрайды.
xAI Holdings – 2025 жылдың наурызында Масктың жасанды интеллект саласындағы xAI компаниясы мен бұрынғы Twitter (қазіргі X) әлеуметтік желісінің бірігуі арқылы құрылды. Компания 113 млрд долларға бағаланды, Масктың 53% үлесі – шамамен 60 млрд доллар.
5 жылдағы серпіліс: 24 млрд-тан 500 млрд-қа дейін
2020 жылдың наурызында Масктың байлығы бар болғаны 24,6 млрд доллар еді.
Бес жылдан кейін, 2025 жылдың қазанында, ол 500 млрд долларға жетті.
Forbes болжамынша, егер осы қарқын сақталса, Илон Маск 2033 жылға дейін әлемдегі алғашқы триллионер атануы мүмкін.
Forbes дерегіне сәйкес, 1 қазан күнінің соңында Масктың байлығы 499,1 млрд доллар болды.