Көкшетау тұрғыны жоғалып кеткен бауырын Павлодар облысындағы ауруханадан тапты
Оған полиция қызметкерлері көмектесті

Көкшетау қаласының тұрғыны жоғалып кеткен бауырын полицейлердің көмегімен Павлодар облысындағы ауруханадан тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көкшетау тұрғыны Павлодар облысының Май аудандық полиция бөліміне «102» нөмірі арқылы хабарласып, бауырынан хабар ала алмай отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, таныстарының бірі бауырының ауруханаға түскенін айтқан, алайда кейін байланысқа шықпай қойған. Туысының нақты қайда жатқаны және жағдайы туралы мәлімет болмаған. Сондай-ақ оның Павлодар облысына дереу баруға мүмкіндігі болмады.
Полицейлердің жедел әрекеті
Сол түні «102» пультінде кезекші болған полиция старшинасы Равиль Ташенов дереу әрекетке кірісті. Ол қажетті деректерді анықтап, медициналық мекемелерге хабарласып, ер адамның ауруханаға түскенін растады.
Полицейлер науқаспен байланыс орнатуға көмектесті. Кейін Көктөбе ауылының учаскелік инспекторы Нығмет Бақтияр ауруханаға барып, ер адамды жеке өзі көріп шықты.
Әңгіме барысында ол телефонын жоғалтып алғандықтан туыстарымен байланыса алмай жүргені анықталды.
Алғыс білдірді
Бауырынан жақсы хабар алған қыз әлеуметтік желіде полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.
«Өз жазбасында ол полицияның жеделдігі, сыпайылығы, мұқият қарым-қатынасы мен қолдауы арқасында сабыр сақтап, мәселені жылдам шешуге мүмкіндік алғанын ерекше атап өтті», – деп мәлімдеді ведомство.