Ақтау әуежайында жолаушы 18 мың долларынан айырылып, 2,2 млн теңге айыппұл арқалады
Оның қол жүгінен 28 100 АҚШ доллары табылды

Ақтау халықаралық әуежайында шетел валютасын заңсыз алып өтпек болған жолаушы ұсталды. Одан 18 мың АҚШ доллары тәркіленіп, 2,2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Кедендік тексеру кезінде 28 100 доллар табылды
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, кеден бекетінің қызметкерлері мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі бірлесіп, Ақтау – Тбилиси халықаралық бағытындағы рейс жолаушыларын тексеру барысында бір жолаушының қол жүгінен 28 100 АҚШ доллары көлемінде қолма-қол валюта тапқан.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, кедендік ресімдеу кезінде азамат шетел валютасын декларациялауға міндетті емес екенін ауызша мәлімдеген. Алайда бұл мәлімет жалған болып шықты. Жолаушының әрекеті кеден заңнамасын бұзу ретінде бағаланды.
Сот 18 100 долларды тәркілеп, 10 000 долларын қайтарды
Аталған дерек бойынша материал Ақтау қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданып, сот үкімімен азамат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 551-бабы, 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.
Нәтижесінде, оған 2 276 753 теңге көлемінде айыппұл салынып, 18 100 АҚШ доллары мемлекет кірісіне тәркіленді. Ал қалған 10 000 доллар сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін жолаушыға қайтарылады.
Тағы бір жолаушыдан 12 500 доллар табылды
Сол күні Ақтау – Кутаиси бағытындағы рейс жолаушыларын кедендік тексеру кезінде тағы бір 34 жастағы Қазақстан азаматының жүгінен 12 500 АҚШ доллары көлеміндегі жасырылған қолма-қол ақша анықталды.
Аталған факті бойынша да әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, сотқа жолданды. Құзырлы органдардың хабарлауынша, кеден заңнамасын сақтау – әрбір жолаушының міндеті екенін еске салады.