Алматыдағы Баум тоғайында 10 мыңнан астам ағаш кесілуі мүмкін
Тоғайдағы жасыл желектің 55%-ы ғана сау екені анықталды

Алматыдағы Баум тоғайында 10 мыңнан астам ағашты кесу көзделген жоба экология және табиғи ресурстардың ұлттық деректер базасында жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Баум тоғайы» табиғи ескерткішін қалпына келтіру және сақтау» жобасы аясында санитарлық кесу жүргізу жоспарланған. Осыған байланысты қоғамдық тыңдаулар 16 қазанға дейін жалғасады.
Тоғайдың қазіргі жағдайы
Құжатта көрсетілген деректерге сәйкес, жүргізілген тексеру нәтижесінде тоғайдағы жасыл желектің 55%-ы ғана сау екені анықталды. Ал 23%-ы кәрі, 12%-ы құлдыраған, 8%-ы қурап бара жатқан ағаштар, 1%-ы – қураған, тағы 1%-ы – апатты жағдайдағы ағаштар.
«Кәрі ағаштардың (жылмық пен емен) басым бөлігі қурап бара жатқан, қураған және апатты ағаштардан тұрады», – делінген құжатта.
Аурулар мен зиянкестер
Сондай-ақ ағаштарды зақымдайтын негізгі аурулар аталған.
«Кең таралғандары – некроз, яғни өсімдіктің ұлпалары мен мүшелерінің жансыздануы. Бұл құбылыс жекелеген ұлпалардың зақымдануынан немесе мүшелердің өлуінен туындайды. Мәселен, жапырақтарда, жемістерде, бұтақтарда дақ пайда болып, олар сарғайып қурайды. Бұтақтар мен діңдерде күйіктер, ісік аурулары кездеседі. Кейбір емен ағаштарында діңгек шірігі мен ұнтақ зең анықталды», – делінген жобада.
Кесілетін ағаштар көлемі
Жобаға сәйкес, жалпы саны 10 мыңнан астам ағашты кесу жоспарланған. Оның ішінде:
- 1245 апатты ағаш;
- 1231 қураған ағаш;
- 8305 қурап бара жатқан ағаш санитарлық кесуге жатады.