$ 549.15  643.88  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жамбыл облысында «Taza Qazaqstan» эстафетасы аясында 30 тонна қоқыс жиналды

Бұл жұмысқа арнайы техника да тартылып, жол жиегінен қоқыстар шығарылды

Жамбыл облысында «Taza Qazaqstan» эстафетасы аясында 30 тонна қоқыс жиналды
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының Жамбыл облысында өтіп жатқан «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы жастардың экологиялық белсенділігін арттырды. Белсенділер мен волонтерлер 300 шақырым аумақты қамтып, 30 тоннадан астам қоқыс шығарды. Бұл – ел экологиясына қосылған сүбелі үлес әрі қазақстандықтардың табиғатқа деген жанашырлығын айқындайтын көрсеткіш. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетейік, road-эстафетаның бірінші күні белсенділер Қордай ауданындағы «Тұлғалар тұғыры» мемориалдық кешенін тазалап, іс-шараны ел тарихын ұлықтаумен ұштастырды. Мұндай қадам тарихи сананы жаңғыртып қана қоймай, экологиялық жауапкершілікті арттырудың да үлгісіне айналды.

Екінші күні акция Рысқұлов ауданында жаңа қарқынмен жалғасын тапты. Құлан ауылынан Ақыртөбе ауылына дейін созылған 42 шақырымдық жол бойын 100-ден астам белсенді мен волонтер тазартты. Бұл жұмысқа арнайы техника да тартылып, жол жиегінен қоқыстар шығарылды.

Экоқозғалысқа қатысқан белсенділер мұны жай ғана тазалық шарасы емес, қоғамға ой салатын үлкен бастама деп бағалап отыр.

«Табиғатты қорғау – елге қызмет етудің бір жолы. Әрбір азамат туған жеріне жанашырлық танытса, ел болашағы өзгереді. Бұл – мемлекет алдындағы парызымыз», – деді экобелсенді Абай Жұматов.

Эстафетаның екінші күні «Чемпиондық Рух» жобасы аясында таңғы жаттығумен басталды. Құлан ауылындағы Орталық алаңда ұйымдастырылған спорттық іс-шараға жүздеген жас қатысты. Олар салауатты өмір салтын насихаттап, экологиялық мәдениеттің мәні мен маңызын дәріптеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы тек қоқыс жинаумен шектелмейді. Бұл – республика деңгейіндегі ауқымды экологиялық қозғалыс. Ол тарихқа тағзым етуді, табиғатты қорғауды және жастардың белсенді өмірлік ұстанымын бір мақсатқа тоғыстырады.

«Алматы облысынан бастау алған іс-шара Жамбыл облысында жалғасын тапты. Бірінші күннің қорытындысы бойынша, 30 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы полигонға жеткізілді. Тазалық жұмыстарынан бөлек, әр ауданда қоғамдық қабылдау мен «Чемпиондық рух» жобасы өткізіліп отыр. Еріктілер ауа райының қолайсыздығына қарамастан тазалық жұмыстарын белсенді жалғастыруда», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова.

«Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен ұйымдастырылған «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы алдағы уақытта еліміздің басқа аймақтарында жалғасын таппақ.

Серіктес жаңалықтары