Туған күніңізге сыйлық: алаяқтардың жаңа қулықтары белгілі болды
Туған күнге сыйлық деген сылтаумен алаяқтық жасалады

Қазақстанда туған күні болған адам алаяқтардың жаңа құрбаны болып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абай облысының полициясы соңғы уақытта шетелдерде мұндай жағдайлар жиілеп кеткенін айтып, тұрғындарды ескертті. Қаскөйлер жәбірленушінің туған күнін анықтап алып, телефон арқылы хабарласады. Өздерін курьер ретінде таныстырып, «сыйлығыңыз бар» дейді.
Қалай алдайды?
Сөйлесу барысында олар азаматтардың жеке деректерін (паспорт нөмірі, мекенжай) сұрап, SMS арқылы келген бір реттік кодты жіберуді талап етеді. Осыдан кейін жәбірленушінің банк картасынан ақша шешіп алады.
Полицияның кеңесі
Қауіпсіздік үшін полицейлер мына ережелерді есте сақтауды ұсынады:
- Паспорт деректерін, банк картасының нөмірін, CVV-кодты және бір реттік SMS кодтарын ешқашан телефон арқылы немесе хабарламада айтпаңыз.
- Банктер ешқашан клиенттен бір реттік кодты үшінші тұлға үшін сұрамайды.
- Қоңырау күмәнді болса – әңгімені доғарып, ресми сайттағы нөмір арқылы жеткізу қызметіне өзіңіз хабарласыңыз.
- Бейтаныс адамдардың өтінішімен ақша аудармаңыз, код жібермеңіз.
- Күдік туса – бірден банкке хабарласып, картаны бұғаттаңыз.
- Хабарламаларды, қоңырау нөмірін, скриндерді сақтаңыз – бұл тергеуге көмектеседі.
- Полицияға дереу хабарласыңыз: 102 нөміріне қоңырау шалыңыз немесе департаменттің ресми парақшаларына жазыңыз.
Туыстарыңызға, әсіресе егде жастағыларға, мұндай алаяқтық схемалар туралы ескертіңіз.