«Тізерлеп тұрып кешірім сұрасын ба?!»: сотта кондитердің адвокаты блогерге талап қойды
Ол жалған ақпаратты теріске шығаруды талап етті

Астанада 600 мың теңгенің тортына қатысты сот отырысында екі тараптың адвокаты бір-біріне сұрақ қойып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Құрметті сот, сіз өзіңіз де білесіз, Конституция бойынша ешкімді кешірім сұрауға мәжбүрлеуге болмайды. Бұл – тек адамның еркімен жасалатын әрекет. Ал талапкердің талаптарында кешірім сұрауды міндеттеу көзделген. Қазақстанда мұндай тәжірибе жоқ, өйткені бұл сенім бостандығына тікелей қайшы. Сондықтан сұрап отырмын, кешірім қандай формада орындалуы тиіс? Жауапкер сот залында тізерлеп тұрып кешірім сұрауы керек пе, әлде басқа жолмен бе? Немесе алдарыңызда асылып қалуы керек пе? Осыны түсіндіріп беріңіздер», - дейді Аселина Батырдың адвокаты.
Ал кондитер Нұршат Ақбергенованың адвокаты Аржан Сәдуақас бұл сұраққа жауап берді.
«Біз ешқашан «тізерлеп кешірім сұрау» немесе «өзін-өзі айыптау» туралы талап қойған жоқпыз. Біз тек шындыққа жанаспайтын ақпараттың ресми түрде теріске шығаруын талап етеміз. Ол дәл сол арналарда, яғни жауапкер жалған ақпарат таратқан бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс», - деді Сәдуақас.
Еске салсақ, тамыз айында көрпеше тігіп сататын блогер Аселина Батыр құрақ көрпе күйінде жасалған 600 мың теңгелік торттың ақшасын төлемеген. Тортты пісірген Нұршат Ақбергенова блогер тек 100 мың алдын ала төлем жасағанын айтады. Екі тарап келісе алмай, ақыр-соңы іс сотта қаралып жатыр.