Павлодарда пәтер жөндеу қызметіне қатысты алаяқтар көбейіп барады
Полиция департаменті тұрғындарға ескерту жасады

Павлодарда соңғы уақытта пәтер жөндеу қызметіне қатысты алаяқтық фактілері көбейіп келеді. Кейбір жауапсыз мердігерлер сапалы қызмет уәде етіп, алдын ала төлемді алғаннан кейін із-түссіз жоғалып кетеді немесе жұмысты сапасыз әрі уақытынан кеш орындайды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Пәтер жөндеуші ретінде өзін таныстырған алаяқ ұсталды
Облыс орталығында пәтер жөндеуші болып көрінген бір азамат ұсталды. Ол тұрғынға сапалы жөндеу жасап беремін деп сендірген. Бірақ алдын ала ақшаны алған соң, байланысқа шықпай кеткен. Тексеру барысында ол қаражатты өз қажетіне жұмсағаны анықталды.
Полиция тергеу жүргізіп жатыр
«Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы болуы мүмкін. Айта кетейік, биыл облыста ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалған 1652 қылмыс тіркелген», – деп хабарлады Павлодар облысы ПД.
Азаматтарға сақ болу ескертілді
Полиция тұрғындарға ескерту жасады: алаяқтар көбіне төмен баға ұсынып, «барлығы қамтылған» деген уәдемен қызықтырады. Егер ұсыныс тым арзан көрінсе, күмәнданған жөн. Сақтық танытып, тек сенімді компаниялар мен жеке тұлғалармен ғана келісімшарт жасаған дұрыс.