Қазақстан мен Қырғызстан 2027 жылғы ТМД ойындарын өткізуден бас тартты
Себебі 2026 жылы ел аумағында «Болашақ ойындары» сынды ауқымды халықаралық спорттық іс-шаралар өтеді

Қазақстан мен Қырғызстан IV ТМД елдерінің ойындарын қабылдаудан бас тартты. Бұл туралы Гяндже қаласында өткен ТМД елдерінің дене шынықтыру және спорт жөніндегі кеңесінің отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
29 қыркүйекте өткен кеңес барысында «IV ТМД ойындарын өткізу жөніндегі ұсыныстар» мәселесі күн тәртібіне қойылды. Ережеге сәйкес, ойындардың өткізілу орны мен мерзімі қабылдаушы мемлекетпен келісілгеннен кейін кеңес шешімімен бекітіледі. Әдетте, ТМД ойындары мүше мемлекеттерде әліпби ретімен кезекпен өтеді. Осыған байланысты ТМД Атқарушы комитеті бұған дейін Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтеріне ресми ұсыныс жолдаған еді.
ТАСС хабарлағандай, Қазақстан тарапы 2027 жылғы ТМД ойындарын қабылдаудан ресми түрде бас тартты.
Себебі 2026 жылы ел аумағында «Болашақ ойындары» сынды ауқымды халықаралық спорттық іс-шаралар өтеді. Қазақстан Республикасы спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетовтің айтуынша, шешім ұйымдастырушылық, қаржылық және әкімшілік ресурстарды ірі жарыстарға жұмылдыру қажеттілігіне байланысты қабылданған.
«Қазақстан Республикасы ТМД елдерінің ойындарын өткізудің маңызын мойындайды және болашақта қолайлы жағдай туындаған кезде ойындарды қабылдау мүмкіндігін қарастыруға дайын», – деді ол.
Ал Қырғызстан тарапы негізгі себеп ретінде қаржылық мүмкіндіктің шектеулігін атады. Қырғызстанның Әзербайжандағы төтенше және өкілетті елшісі Максат Мамыткановтың сөзінше, 2026 жылы елде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен басқа да ірі ұлттық жарыстар өтетіндіктен, бюджетке айтарлықтай салмақ түседі. Бұған қоса, бірқатар спорт түрлері бойынша халықаралық талапқа сай спорт нысандары жоқ немесе әлі салынып жатыр.
«2028 жылғы жазғы Олимпиада қарсаңында мемлекет қаражаты спортшыларды лицензиялық турнирлер мен әлем чемпионаттарына дайындауға жұмсалады. Сондықтан 2027 жылы Қырғызстан ТМД ойындарын тиісті деңгейде өткізе алмайды», – деді елші.
III ТМД ойындары қазір Әзербайжанның жеті қаласында өтіп жатыр және 8 қазанда аяқталады. Бағдарламаға 21 спорт түрінен жарыстар енгізілген, барлығы 505 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бірінші ойындар 2021 жылы Қазанда, екінші ойындар 2023 жылы Беларусьта өткен. Бұл бастаманы алғаш Ресей көтеріп, 2018 жылы Душанбеде өткен ТМД мемлекет басшылары кеңесінде қолдау тапқан болатын.