$ 544.26  634.72  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тоқаев Мьянма президентінің міндетін атқарушы Мин Аун Хлайнмен келіссөз жүргізді

Қос мемлекет жаһандық көлік бағыттарының тоғысқан тұсында орналасқан

Тоқаев Мьянма президентінің міндетін атқарушы Мин Аун Хлайнмен келіссөз жүргізді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Мьянма президентінің міндетін атқарушы Мин Аун Хлайнмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Мин Аун Хлайнға ілтипат білдіріп, оның Астанаға жұмыс сапары Мьянманың Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мьянма өзіндік мәдениеті, бірегей дәстүрі бар және геостратегиялық тұрғыдан маңызды ел. Қос мемлекет жаһандық көлік бағыттарының тоғысқан тұсында орналасқан.

Президент мейманға Қазақстанның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, сондай-ақ еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз ету аясындағы стратегиялық міндеттері туралы мәлімет берді.

Тараптар екі ел экономикасының ерекшеліктерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы, ІТ және цифрландыру секілді маңызды салаларда өзара ықпалдастық перспективасына тоқталды.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуразияның басты транзит торабы ретінде «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Солтүстік – Оңтүстік және Орта дәліз көлік бағыттарын дамытуға белсенді түрде атсалысуда.

Осыған орай кездесуде екі ел арасындағы көлік байланысын жолға қоюдың өзектілігіне назар аударылды. Бұл сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мин Аун Хлайнды Қазақстанның ұлтаралық және конфессияаралық саясатымен таныстырды.

Атап айтқанда, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты, толеранттылық ұстанымы, сондай-ақ Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өткізу бастамасы жөнінде баяндады.

Мин Аун Хлайн Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, өзара мүддеге сай бағыттар бойынша конструктивті ынтымақтастық орнатуға және бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін растады.

Серіктес жаңалықтары