$ 544.26  634.72  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Еңбек күні: Олжас Бектенов президент атынан жұмысшы мамандықтары өкілдеріне марапаттар табыстады

Қазақстанда Еңбек күні он жылдан астам уақыттан бері аталып келеді

Еңбек күні: Олжас Бектенов президент атынан жұмысшы мамандықтары өкілдеріне марапаттар табыстады
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Еңбек күніне арналған «Еңбек адамы – Ел мақтанышы» республикалық форумына қатысты. Олжас Бектенов мемлекет басшысының атынан ел экономикасын нығайтуға және дамытуға үлес қосқан жұмысшы мамандықтары өкілдеріне мемлекеттік наградалар табыстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Форумға қатысушыларға арнап сөйлеген сөзінде премьер-министр президенттің Ұлттық құрылтайда белгілеп берген «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты бүгінде Қазақстан қоғамының дамуындағы басты бағытына айналғанын атап өтті. 

Қазақстанда Еңбек күні он жылдан астам уақыттан бері аталып келеді. Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында бұл мерекенің маңызы артып, қоғам дамуының негізі саналатын адал еңбекке құрметтің белгісіне айналды. Қазір елімізде шамамен 2,5 млн маман еңбек етеді. Олардың қатарында шахтерлер, металлургтер, педагогтар, энергетиктер, медицина қызметкерлері, құрылысшылар, агрономдар, технологтер және басқа да сала өкілдері бар.

Үкімет жұмысшы мамандықтары иелеріне әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Өндірістегі еңбек жағдайы жақсартылып, ондағы үдерістер автоматтандырылуда. Техникалық білім беру жүйесі реформаланып, кәсіби стандарттар жаңартылуда. Ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс нығайып келеді.

Жұмысшы мамандықтарына арнап жайлы жағдай жасау бағытындағы маңызды қадамның бірі – президент бастамасымен Отбасы банкінде арнайы «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының іске қосылғаны болды. Бүгінде бұл бағдарлама арқылы 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болды.

Сонымен қатар елімізде цифрлық технологияларды дамыту – ерекше назарда.

«Мемлекет басшысы Қазақстанның болашағын инновациялық даму жолында көреді. Ол халыққа Жолдауында ауқымды цифрландыруды және жасанды интеллектіні белсенді енгізуді басымдық ретінде айқындады. Алдыңғы қатарға жаңа технологиялар шығады. Бұл – экономикалық өсімге және азаматтардың өмір сапасын одан әрі жақсартуға кең мүмкіндік. Инновациялық шешімдер өнеркәсіпке, көлік саласына, медицинаға, білім беруге және басқа да көптеген салаларға енгізілуде. Барлық жасалып жатқан шаралар қуатты Цифрлық Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет жүргізіп отырған цифрлық прогреске қол жеткізу жұмыстары аясында кадрларды даярлау және кәсіби-техникалық білім беруді дамыту басты назарда болып отыр. Биыл 9-сынып түлектерінің 100%-ы геология, машина жасау, энергетика, көлік, IT және басқа да сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледждерде тегін білім алумен қамтылды. Соңғы екі жылда студенттердің шәкіртақысы екі есеге өсті. Колледждерде материалдық-техникалық база жаңартылды, студенттердің жатақханамен қамтылуы шамамен 90%-ға жетті.

Үкімет азаматтарға жаңа дағдыларды игеруге және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға барлық жағдайды жасауға мүдделі. Елдің барлық өңірінде білім беру мекемелері мен өндіріс орындары арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Колледждерді қамқорлыққа алған кәсіпорындардың саны 8 есе артты, бизнеспен жасалатын дуалды келісімшарттар саны 2 есе көбейді.

Іс-шара барысында Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Жилбер Фоссун Хунгбо форум қатысушыларына бейнеүндеу жолдады. Ол әлеуметтік диалогты қамтамасыз етуде және еңбек нарығының инклюзивті әрі тұрақты дамуына жәрдемдесуде шешуші рөл атқаратын жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өкілді ұйымдарының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда әлеуметтік серіктестер осы диалогты дамытып, әрі қарайғы қадамдарды анықтап, бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыруда.

Сондай-ақ «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов сөз сөйледі.

Форум аясында ұйымдастырылған көрмеде премьер-министр қазақстандық өнеркәсіп кәсіпорындарының өндіріс процесіне озық технологияларды енгізу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарымен танысты. «QARMET», «Қазақмыс», «Қазцинк» және ERG компаниялары жоғары технологиялық салаларға арналған металлургиялық өнім шығару, өндірістерде мониторинг жүйесін енгізу, байыту фабрикаларының цифрлық үлгілерін жасау және тағы да басқа жобаларын таныстырды. Бизнестің бастамалары өндіріс үдерістерін «ақылды» басқаруға және барынша тиімділікке қол жеткізуге, сондай-ақ колледждерді қолдау арқылы кәсіби кадрларды даярлауға, онда заманауи оқу кабинеттері мен шеберханаларды ашуға бағытталған.

Форум қорытындысы бойынша жұмысшы мамандықтары өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды.

Марапатталды:

«Құрмет» орденімен

  • Бахтарбек Жүнісов – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы Жол және құрылыстар департаментінің зейнеткері;
  • Ақмарал Ауғанова – «KAP Technology» ЖШС бухгалтерлік есеп және есептілік департаментінің менеджері.

ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен

  • Шайхыман Шонанов – «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС бульдозер машинисі;
  • Бану Оңалбаева – «Қазпошта» АҚ Жетісу облысы бойынша филиалы Кербұлақ аудандық пошта байланыс торабының Орталық операциялық учаскесінің басшысы;
  • Нина Мирошниченко – «Хайдельберг Материалз Қазақстан» ЖШС логистика жөніндегі менеджері;
  • Нұрәділ Мещанов – «Топар бас энергия тарату станциясы» ЖШС қазандық машинисі;
  • Геннадий Образцов – «Қостанай минералдары» АҚ экскаватор машинисі;
  • Гүлзия Авдикерім – «Qarmet Service»ЖШС тігіншісі;
  • Тоқтар Жанаев – «Altyntau Kokshetau» АҚ Көлік басқармасының көлікті шығару жөніндегі механигі;
  • Жарылқасын Құрайышов – «Тараз металлургия зауыты» ЖШС «Металл өңдеу» цехының, механикалық өңдеу учаскесінде 6 разрядты токары.
Серіктес жаңалықтары