Көкшетау мен Степногорск қалалары карантинге жабылады
Ақмола облысының бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты
Ақмола облысының бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы бойынша Көкшетау мен Степногорск қалаларында карантиндік шектеулер күшейтіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақмола облысының бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бас санитардың айтуынша, 24 маусымнан бастап Көкшетау қаласына, 26 маусымнан бастап Степногорск қаласына кіріп-шығу шектеледі.
«Осыған дейін қаланың айналасына санитарлық бекеттер қойылып, жолаушыларға сауалнамалар жүргізіліп, дене қызуы тексерілетін. Енді блокбекеттер қайта қойылады. Тек санитарлық қызметтер, медицина қызметкерлері, құқық қорғаушылар мен сот органдары, сондай-ақ кәсіпкерлерге ғана жол жүруге рұқсат етіледі. Олардың өздері «Сергек» базасында тіркеуге алынуы тиіс», - дейді Айнагүл Мусина.
Оның айтуынша, бұл қалаларда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардан басқа тұрғындар мен автокөліктерге кешкі 22.00-ден 6.00-ге дейін қозғалыс шектелетін болады. Сонымен қатар жаңа қаулыға сәйкес жерлеу және басқа да отбасылық шараларға 30 адамнан артық қатысуға рұқсат берілмейді. Облыстың емдеу мекемелеріндегі жоспарлы емдеу, скринингтен өткізу, ауруханаға жатқызу да уақытша тоқтатылмақ.
«Қоғамдық тамақтану нысандары жабылып, тек онлайн жеткізу қызметіне рұқсат етіледі. Тек 30 адамға дейінгі жаздық дәмханалар ғана жұмыс істейді. Автовокзалдардың жұмысы толық тоқтатылады. Теміржол және әуежайлар дәл қазіргідей тек барлық санитарлық нормаларды сақтап, сауалнама мен дене қызуын тексеріп қана жұмыс істейді», - деді Айнагүл Мусина.
Оның айтуынша, қаладағы моншалар мен сауналарға тек бес адамнан ғана қабылдауға рұқсат беріледі. Ал курортты-санаториялық нысандарға шектеулер 80 пайызға дейін ұлғайтылады. Сонымен қатар шектеулерге сәйкес азық-түлік өнімдерін сатпайтын дүкендер енді тек 19.00-ге дейін ғана жұмыс істейді.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы