Өскеменде есірткі сатушылар қылмыс үстінде ұсталды (ВИДЕО)
Күдіктілерден ұнтақ тәріздес 30 орама тәркіленді

Өскемен полициясына Понтон көпірі маңында «есірткі тарату орындарын» қарап жүрген күдікті бойжеткен туралы ақпарат түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құқық қорғау орғандары 28 жастағы әйел мен 26 жастағы ер адамды психотроптық заттарды таратқан күдікті ретінде ұстады.
«Жедел іс-шаралар барысында олардан ұнтақ тәріздес 30 орама тәркіленді. Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген зат жалпы салмағы 29,91 грамм α–PVP психотроптық заты болып шықты», - деп жазылған хабарламада.
Тергеу барысында анықталғандай, ұсталғандар биылғы мамыр айынан бастап тұрақты түрде Өскеменге «жасырынған заттарды» алу үшін келіп отырған. Кейін олар оны Алтай қаласына жеткізіп, «жасырып қойып кету» тәсілі арқылы таратқан. Барлық әрекет мессенджер арқылы белгісіз куратордың нұсқауымен жүзеге асырылып отырған.
Аталған факті бойынша «Есірткі заттарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, өткізу немесе жіберу» бабына сәйкес тергеу жұмыстары басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.