Ауылдық клуб, дизельдік генератор, ұңғыма: СҚО-да 200 млн теңгенің мүлкі мемлекетке қайтарылды
Жыл басынан бері жалпы сомасы 30 млрд теңгені құрайтын мүлік мемлекетке қайтарылды

Солтүстік Қазақстан облысында 200 млн теңге көлеміндегі мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратура мемлекеттің материалдық мүдделерін қорғау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Жалпы, жыл басынан бері прокурорлық қадағалау шаралары бойынша жалпы сомасы 30 млрд теңгені құрайтын мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды.
Осылайша, Есіл ауданы әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімінің лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабының талаптарын бұза отырып, 14 иесіз нысанды (су мұнарасы, ауылдық клуб ғимараты, трансформаторлық қосалқы станция, ұңғыма, су құбырының тарату желілері және т.б.) коммуналдық меншікке қабылдау шараларын қабылдамаған.
«Дәл осындай заңбұзушылықтар Шал ақын ауданы әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімінде ұзындығы 6 км құрайтын иесіз су желілері бойынша да анықталды.
Қызылжар ауданында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Кодекс талаптарына қайшы, мердігер ұйымда болған 13,1 млн теңгенің жабдығын (трансформаторлық қосалқы станция, дизельдік генератор) қайтару шараларын қабылдамаған.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, сомасы 200 млн теңгеге иесіз нысандар мен жабдықтар мемлекет меншігіне қайтарылды.
Қадағалау органы бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруда», – делінген прокуратура хабарламасында.