$ 542.67  638.89  6.51
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада құрғап, жойылып кетуге шақ қалған Талдыкөлді қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр

Астанада Кіші Талдыкөл көлінде биологиялық тазарту жұмыстары жүргізілді

Астанада құрғап, жойылып кетуге шақ қалған Талдыкөлді қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр
Фото: Астана әкімдігі

Астанада еріктілер Кіші Талдыкөл көлін биологиялық әдіспен тазарту жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала әкімдігінің мәліметінше, көлді өңдеу барысында зертханалық жағдайда бейімделген Bacillus штамдары негізінде дайындалған қазақстандық экологиялық қауіпсіз биопрепараттар қолданылды.

Жұмысқа еріктілер мен Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері атсалысты. Акция «Astana Jastary» жастар қозғалысының еріктілерінің қолдауымен өтті. Сонымен қатар су айдынының жағалау аумағы да қоқыстан тазартылды.

«Арғын Строй» ЖШС және «Биомедпрепарат» ғылыми-талдамалық орталығымен бірлесіп Кіші Талдыкөлді биологиялық тазарту және қалпына келтіру бойынша кезекті экологиялық шара жүзеге асырылып жатыр. Бұл шара 2025 жылдан бастап басталған су айдындарын биологиялық оңалту жобасының кезең-кезеңімен атқарылатын кешенді жұмыстарының бір бөлігі. Қазіргі уақытта №5 учаскеде жұмыс жүріп жатыр. Процесс ұзақ әрі биопрепараттарды тұрақты енгізуді, санитарлық шараларды және су сапасына үнемі мониторинг жүргізуді қажет етеді. Акция аясында су экожүйесін қауіпсіз әрі тиімді қалпына келтіруге бағытталған заманауи биотехнологиялар қолданылады. Естеріңізде болса, көктемде көлдің бетінде гүлденген қабық пайда болып, шіру процесі жүріп жатқан еді. Жағдай шынында күрделі болды. Алайда қазіргі қолданылып жатқан технологиялардың нәтижесінде айтарлықтай оң өзгерістерді көруге болады. Бұл – заманауи әдістер мен табиғи шіру процесінің арасындағы «көрінбейтін майдан». Бірақ нәтиже бар: көлдің жағдайы жақсара түсті», – деді Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы Рашид Айдар.

Кіші Талдыкөлді тиімді тазарту үшін екі түрлі биопрепарат пайдаланылады: сұйық концентрат және зертханада алдын ала дайындалатын арнайы био-шарлар. Әр қолданар алдында судан сынама алынып, көлдің сол уақыттағы жағдайы талданады.

«Біздің компания екі түрлі биопрепарат әзірледі – сұйық және қатты. Сұйық биопрепарат судың жоғарғы қабатын тазартады, ал қатты түрі – шарлар – салмағының арқасында түбіне шөгіп, тиімді микроағзалар бөледі. Олар органикалық қалдықтарды ыдыратады, ал құрамындағы саз топырағы улы заттарды адсорбциялайды», – деді «Биомедпрепарат» ғылыми-талдамалық орталығы зертханасының меңгерушісі Диана Жүнісова.

Жүргізілген жұмыс туралы экологиялық ерікті Рустам Тұманбаев та пікір білдірді.

«Кіші Талдыкөлді биологиялық тазарту өте тиімді әдіс деп айтады, біз де жақын арада нәтижесін көреміз деп үміттенеміз. Өзім мамандығым бойынша экологпын, сондықтан мұндай шараларға қатысу мен үшін маман ретінде де, қала тұрғыны ретінде де маңызды. Біз бұл маңайға жиі келеміз, көл біз үшін қымбат, ол – күтімді қажет ететін ерекше табиғи нысан. Астаналықтарды осындай бастамаларға белсенді араласуға шақырамын», – деді ол.

Серіктес жаңалықтары