$ 541.19  636.44  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы әкімі жауын кезінде зақымданған 13 автокөліктің шығынын кім өтейтінін айтты

Дархан Сатыбалды нөсерден кейін тұрғындар шағымданған нысандарды тексерді

Алматы әкімі жауын кезінде зақымданған 13 автокөліктің шығынын кім өтейтінін айтты
Фото: скриншот

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындардан көптеген шағым түскен бірқатар проблемалық нысанды аралап шықты , деп хабарлайды Azattyq Rýhy әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала басшысы инженерлік желілер, жол инфрақұрылымы және қала тұрғындарының қауіпсіздігі мәселелері өз бақылауында екенін атап өтті.

Бостандық ауданындағы Ерменсай шағын ауданында әкім нөсер жауыннан кейін бүлінген инженерлік желілерді қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді талап етіп, аталған жұмыстарды желтоқсанға дейін толық аяқтауды және күн сайын сапасы мен мерзімін тексеруді тапсырды.

«Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта құру барысында гранит плиталарын пайдалану кезінде заңбұзушылықтар мен даулы жайттар анықталды. Дархан Сатыбалды мердігерлерден түсініктеме беруді талап етіп, құрылыс заңнамасын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Әкім бұл нысанның құқық қорғау органдарының қатысуымен жеке бақылауда болатынын ескертті», - деп жазылған хабарламада.

Әуезов ауданындағы Аманжол көшесінде 16 қыркүйекте жол төсемі опырылып, 13 автокөлік зақымданды. Осыған байланысты әкім мерзімнің созылып кеткенін еске салып, мердігерге зардап шеккен тұрғындарға келтірілген шығынды өтеуді міндеттеді.

Дархан Сатыбалды барлық проблемалық нысан әкімдіктің ерекше бақылауында екенін атап өтті.

«Жұмыс сапалы әрі уақытында орындалуға тиіс. Бақылау қатаң болады, мердігерлер толық жауап береді және тұрғындарға келген шығынды өтеуге міндетті», — деді қала әкімі.

Алматы әкімдігі инженерлік желілерді қайта жаңарту, төтенше жағдайдың салдарын жою және қалалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда.

Еске салсақ, Алматы әкімі жол төсемінің шөгуі мен жиектасты ауыстыруға байланысты Әуезов және Медеу аудандарының әкімдеріне, сондай-ақ Экология басқармасының басшысына сөгіс жариялап, Бостандық ауданы әкімінің орынбасарын тиісті бақылау жүргізбегені үшін қызметінен босатқан болатын. Асфальттың опырылуы мен гранит плиталарын заңсыз пайдалануға қатысты қызметтік тергеу жүргізілуде.

Серіктес жаңалықтары