Буллингке қатысты дау шықты: СҚО-дағы спорт мектебі тексерілетін болды
СҚО-дағы спорт мектебінде оқушылар арасындағы буллингке қатысты министрлік түсініктеме берді
Солтүстік Қазақстан облысында Олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернаты-колледжінде 7-сынып пен 8-сынып оқушылары арасында жанжал шықты. Оқиғаға ҚР Оқу-ағарту министрлігі пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жетінші сынып оқушысының анасы әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, ұлына жоғарғы сынып оқушылары қысым көрсетіп жүргенін айтты. Оның сөзінше, баласын және сыныптастарын ұрып-соғып, қорлап, ақша талап етеді. Ал талапты орындамағандарға күш қолданамыз деп қоқан-лоққы жасаған.
17 қыркүйекте астаналық әйел оқу орнының басшылығына ресми шағым жолдаған. Ол бұл жағдайдың кеңінен жария болуын талап етіп, мұндай оқиғалардың жабулы күйінде қалмауы тиіс екенін баса айтты.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлағандай, осы жағдай бойынша комитет төрағасының тапсырмасымен оқиға орнына Психологиялық қолдау орталығының мамандары барды. Олар аймақтық балалар омбудсменімен бірге кәмелетке толмаған оқушыға және оның отбасына көмек көрсету, сондай-ақ жағдайды жан-жақты зерделеу үшін жұмыс жүргізіп жатыр.
«Осы тұста құзыреті аясында шара қабылдау үшін ҚР Туризм және спорт министрлігіне, бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне, сондай-ақ кейінгі мониторинг жүргізу үшін өңірлік уәкілге тиісті хаттар жолданды.
Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Бұған дейін Комитет өңірлік уәкілдермен бірлесіп жүргізген мониторинг барысында мамандандырылған спорт мектептерінде қауіпсіздікті сақтау бойынша бірқатар заңбұзушылықтар анықталған болатын. Осыған байланысты тиісті материалдар спорт саласына жауапты мемлекеттік органдарға жолданды.
Мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында жаңа оқу жылынан бастап «ДосболLIKE» атты антибуллингтік бағдарлама іске қосылды. Бағдарламаның басты мақсаты – балалар арасындағы буллингтің алдын алу, оның деңгейін төмендету және білім беру ұйымдарында, соның ішінде мамандандырылған спорт мектептерінде қауіпсіз әрі сыйластықты дәріптейтін орта қалыптастыру», – делінген ведомство хабарламасында.