$ 541.19  636.44  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Аңызға айналған футболшы ФИФА мен УЕФА-ны Израильге байкот жариялауға шақырды (ВИДЕО)

Ол Израильге әлі күнге дейін байкот жарияланбағанына наразылық білдірді

Аңызға айналған футболшы ФИФА мен УЕФА-ны Израильге байкот жариялауға шақырды (ВИДЕО)
Фото: Instagram/ericcantona

Аты аңызға айналған әйгілі футболшы, «Манчестер Юнайтедтің» экс-ойыншысы Эрик Кантона ФИФА мен УЕФА-ны Израиль ұлттық құрамасы мен израильдік футбол клубтарын халықаралық жарыстардан шеттетуге шақырды. Ол мұндай мәлімдемені Лондонда өткен «Палестина үшін бірге» атты қайырымдылық шарасында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кантона Ресей спортшыларының ресми ойындарға қатысуына тыйым салынған жағдайды мысалға келтіріп, Израильге қатысты мұндай шаралардың қолданылмауын қосарлы стандарт деп атады. Ол клубтар мен құрамалар халықаралық футбол ұйымдарының шешімін күтпестен, өздері Израиль командаларына қарсы ойнаудан бас тартуы тиіс деп есептейді.

«Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін төрт күн өткен соң ФИФА мен УЕФА оны барлық жарыстан шеттетті. Ал Amnesty International геноцид деп атаған жағдайдан бері 716 күн өтті, дегенмен Израильге әлі күнге дейін халықаралық ойындарға қатысуға рұқсат беріліп отыр. Неге қосарлы стандартқа жол беріліп отыр? ФИФА мен УЕФА Израильді шеттетуі тиіс. Әлем клубтары израильдік командалармен ойнаудан бас тартуы керек. Әлемнің барлық белсенді футболшылары Израиль командаларына қарсы алаңға шықпауға тиіс», – деді Кантона.

Испания премьер-министрі де қарсы шықты

Израиль спортшыларын жарыстардан шеттету туралы талап бұған дейін де айтылған, оның ішінде беделді саясаткерлер тарапынан да. Испания премьер-министрі Педро Санчес Ресей де, Израиль де спорттан аластатылуы қажет екенін мәлімдеген.

«Неге Ресейді Украинаға басып кіргені үшін шеттетті, ал Израильді Газадағы басқыншылығы үшін шеттеткен жоқ? Біздің ұстанымымыз айқын әрі нақты: бұл жағдай тоқтамайынша, Ресей де, Израиль де халықаралық жарыстарға қатыспауы тиіс», – деп жазды Санчес әлеуметтік желілерде.

УЕФА президенті не дейді?

УЕФА президенті Александер Чеферин Израильге санкция салмау шешімін қорғап, спортшылар өз елінің үкіметі үшін жауап бермеуі керек екенін айтты.

«Бір жағынан, бейбіт тұрғындардың басынан өтіп жатқан жағдай менің жанымды ауыртады. Бірақ, екінші жағынан, мен спортшылардың жарыстарға қатысуына тыйым салуды қолдамаймын. Спортшы өз үкіметін соғысты тоқтатуға мәжбүрлеу үшін не істей алады? Бұл өте күрделі мәселе», – деді Чеферин.

Ол сондай-ақ Ресейге қатысты тыйым ұзақ уақыттан бері, шамамен үш жарым жылдан бері қолданылып келе жатқанына қарамастан, соғыстың тоқтамағанын атап өтті.

Қарама-қайшы пікірлерге қарамастан, Израиль халықаралық футболдан шеттетілген жоқ. Ұлттық құрама әлем чемпионатының іріктеу матчтарына қатысып, соңғы кездесуінде Италиядан 4:5 есебімен жеңіліп қалды.

Клубтық деңгейде Тель-Авивтің «Маккаби» командасы осы маусымда УЕФА-ның Еуропа лигасында ойнайды. Оның ішінде қараша айында Англияға барып, «Астон Вилламен» кездесуі жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары