«Қазір 18 мың адам есепте тұр»: есірткімен күресудің бүгінгі кедергілері қандай
Кеңесте есірткіге қарсы күрес кеңінен талқыға түсті

Астанада жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл шаралары қалай жүзеге асырылып жатқаны «AMANAT» партиясының жастар кеңесінде кеңінен талқыланды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев елдегі есірткіге тәуелділікке қатысты сандар көңіл көншітпей отырғанын жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың тамыз айында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында нашақорлықты еліміздің болашағына төнген үлкен қауіп ретінде атап өтіп, мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берген еді. Президентіміздің сөзі жай ескерту емес, ұлттың келешегін қорғауға бағытталған нақты қадам екенін бәріміз түсінуіміз қажет. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда елімізде динамикалық бақылауда тұрған есірткіге тәуелді азаматтардың саны 18 мыңнан асады. Бірақ бұл тек ресми тіркеуге алынғандар ғана. Шын мәнінде, олардың саны бұдан бірнеше есе көп болуы мүмкін. Бұл – Қазақстандағы әрбір отбасы үшін үлкен қауіп», - дейді депутат.
Оның айтуынша, 2018 жылы осындай есепте тұрғандар саны небары 147 адам болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 18 мыңға жеткен. Бұл – жағдайдың қаншалықты күрделенгенін айқын көрсетеді.
«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 15 ірі халықаралық, 23 өңірлік есірткі арнасы жабылып, 17 тоннаға жуық есірткі заты тәркіленді. Оның қара нарықтағы құны шамамен 9,5 миллиард АҚШ долларына тең. Бұдан бөлек, 6,5 тонна химиялық реагент алынды. Бұл деректердің өзі есірткі бизнесінің ел экономикасына ғана емес, қоғамның әлеуметтік ахуалына да орасан зор зиян келтіріп жатқанын дәлелдейді. Соңғы жылдары біз синтетикалық есірткілердің кеңінен таралуына куә болып отырмыз. Егер бес жыл бұрын елімізде бар болғаны 7,7 келі синтетикалық есірткі тәркіленсе, қазір бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 1,1 тоннаға жетіп отыр. Яғни өсім 143 есеге артты. Бұл үрдіс бізден бұрынғыдан да жүйелі әрі қатаң күресті талап етеді», - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Оның айтуынша, тағы бір маңызды мәселе – есірткі тарату тәсілдерінің өзгеруі.
«Бүгінде заңсыз заттар көбіне әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы, әсіресе Telegram-дағы жабық топтар арқылы таралып жатыр. Бір арнаны бұғаттағанымызбен, бірден жаңа арналар ашылып, жұмысын жалғастырып жатады. Бұл ретте Ақпарат және ішкі істер министрліктері, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдарының өзара іс-қимылын күшейту қажет. Нашақорлықпен күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бұл бағытта жастардың сана-сезімін арттырып, зиянды әдеттердің алдын алу үшін нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек», - дейді ол.
Өз кезегінде ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовтің айтуынша, заң мен тәртіп қағидаты аясында ведомство кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
«Жыл басынан бері елімізде 5 мыңнан астам есірткіге қатысты құқық бұзушылық анықталды. Министрліктің үйлестірілген жұмысының нәтижесінде 14 ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде 3 трансұлттық топ пен 12 есірткі зертханасының жолы кесілді. 13 тонна есірткі және 23 тоннадан астам прекурсор жойылды. Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар саны 12%-ға артқан», - деді Әленов.
Ол атағандай, егер бес жыл бұрын бар болғаны 100 келі тәркіленсе, биылдың сегіз айында бір тоннадан астам синтетикалық есірткі анықталды.
«Бұл 10 еседен астам өсім. Сондықтан біз заңнаманы күшейтіп, қатаң шараларды қолға алып отырмыз. Атап айтқанда, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап прекурсорларды заңсыз айналымға енгізгені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Халықаралық ынтымақтастық та маңызды рөл атқарады. Қырғызстан, Ресей, Тәжікстандағы әріптестерімізбен бірлескен операциялар нәтижесінде ірі көлемде есірткі тәркіленді. Сондай-ақ, есірткіні таратуда жиі қолданылатын цифрлық платформалармен өзара іс-қимыл жолға қойылды. Соның нәтижесінде 45 мыңнан астам банктік карта бұғатталып, жалпы көлемі 2,5 миллиард теңге қаражаттың заңсыз айналымы тоқтатылды», - деді министрдің бірінші орынбасары.
Ал психолог Нұрлан Шайдуллиннің айтуынша, нашақорлықпен күресте тек құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз. Бұл жерде медициналық-әлеуметтік көмек пен отбасылық қолдау жүйесін күшейту қажет.
«Жыл сайын бізге шамамен 50 мыңға жуық азамат жүгінеді. Соның ішінде 100–150 адам ғана толыққанды көмек алып, сауықтыру бағдарламасына қатысады. Ал бүгінгі күні ресми есепте тұрған 18 мың адамның көрсеткіші нақты жағдайды толық ашып тұрған жоқ. Егер стигма мен қоғамдағы қысым аз болса, бұл көрсеткіш 5 есе артық болар еді. Басты мәселе – тәуелділік тек жеке адамның емес, бүкіл отбасының проблемасы екенінде. Бір адам есірткі қолданса, оның салдарын бүкіл әулеті көреді. Алайда қазіргі кезде көптеген отбасылда мұндай жағдайда қалай әрекет ету керек, қандай көмекке жүгіну қажет екендігі туралы нақты білім жоқ», - дейді ол.
Шайдуллиннің айтуынша, профилактика жұмыстары көбіне мектептер мен әскери бөлімдерде жүргізіледі.
«Бірақ ата-аналарды көбірек тартуымыз қажет. Өйткені мәселені ерте анықтап, алдын алу шараларын бірінші кезекте отбасының өзі бастауы керек.Президент атап өткендей, медициналық және әлеуметтік көмек қолжетімді әрі жүйелі болуы тиіс. Бұл тұрғыда мемлекеттік және жекеменшік серіктестік тәжірибесін енгізу маңызды. Қазіргі таңда жекеменшік оңалту орталықтарында белгілі бір нәтижелер бар. Сондықтан мемлекеттік қолдаумен пилоттық жоба жүргізуді ұсынамыз. Мысалы, 50–100 адамды қамтитын жартыжылдық немесе бір жылдық бағдарлама арқылы нақты нәтижені көрсетуге болады.Бұл қадам қоғамдағы сенімді арттырып, нашақорлықпен күрестегі жаңа үлгіні қалыптастыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», - деді ол.
Өңірлерде де жастар арасындағы есірткіге қарсы іс-қимыл белсенді жүргізіліп жатыр. Қарағанды облысы мәслихатының депутаты Асқар Оразбеков мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында жастардың есірткіге тәуелді болуы – ел болашағына төнген қатер екенін атап өткенін жеткізді.
«Президенттің бұл сөздері жай ескерту емес, бұл – нақты іс-қимылға шақыру. Қазіргі таңда есірткіні қолдану мәселесі еліміздің әр өңірінде өзекті болып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, тәуелді жандардың 15 пайызы – 18 бен 29 жас аралығындағы жастар. Бірақ бұл көрсеткіш толық суретті ашпайды, себебі көпшілігі ресми тіркеуде жоқ. Бұл – жасырын, бірақ аса қауіпті әлеуметтік дерт», - дейді ол.
Ол атағандай, тәркілеу және алдын алу шаралары Қарағанды облысында белсенді түрде жүргізілуде.
«2025 жылдың алғашқы 8 айында ғана облыстың Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 803 алдын алу іс-шарасын өткізді. Оған семинарлар, акциялар, студенттер мен оқушылармен кездесулер кіреді. Жалпы қамтылған жастар саны – 113 мыңнан асады. Соған қарамастан, заңсыз әрекеттер толығымен жойылды деп айту қиын. Есірткінің негізгі таралу жолы – мессенджерлер, әсіресе Telegram желісіндегі жабық топтар. Сондықтан біздің ұсынысымыз – бұл бағыттағы құқық қорғау органдарының жұмысын күшейтіп, цифрлық бақылау тетіктерін жетілдіру», - деді ол.
Астана қалалық жастар кеңесінің төрағасы Мағзұм Арсланбек «AMANAT» партиясының елордалық филиалы мен «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен ауқымды зерттеу жүргізіліп, елордадағы жастар арасындағы жағдай талданғанын айтты.
«Басты міндеттердің бірі – жастар үшін салауатты әрі белсенді ортаны қалыптастыру, психо-белсенді заттардың заңсыз жарнамасына тосқауыл қою. Осы мақсатта бірқатар шаралар атқарылды. Мәселен, әлеуметтік желілерде және қоғамдық кеңістікте синтетикалық есірткі жарнамаларына қарсы науқандар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға блогерлер, спортшылар, қоғамдық белсенділер тартылып, ақпарат 2 миллионнан астам аудиторияға жеткізілді. Сондай-ақ, елордада тұрақты түрде айлық акциялар өтіп тұрады. Олардың аясында еріктілер тұрғын үйлердің қабырғасындағы есірткіге қатысты жарнамаларды жояды», - деді ол.
Мағзұм Арсланбек атағандай, тек биылдың өзінде 500-ден астам жазу өшірілді.
«Бұл тек қана заңсыз жазуларды жою емес, жастарға беріліп жатқан нақты сигнал: олардың алдында спорт, мәдениет, шығармашылық сияқты баламалар бар. Сонымен қатар, футбол, өнер және шығармашылық бағытында чемпионаттар мен мастер-кластар өткізілді. Оған мыңнан астам елордалық жастар қатысты. Осындай жобалардың басты мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына тартып, теріс әдеттердің алдын алу», - деді ол.