Арқалықта «қалыңдық» күйеуінің туыстарына 5 млн теңге несие рәсімдеймін деп сотталып кетті
Оның ісі облыстық сотта қаралды

Арқалықта өзін қалыңдық ретінде таныстырған әйел ер адам мен оның туыстарының атынан несие рәсімдегені үшін 5 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қостанай облыстық сотында алаяқтық үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған сотталушының апелляциялық шағымы қаралды.
Іс материалдарына сәйкес, әйел әлеуметтік желі арқылы ер адаммен танысып, басқа есіммен өзін таныстырған. Кейін Арқалыққа қалыңдық ретінде көшіп барған. 2024 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы ақпанға дейін ол ер адам мен оның туыстарының сенімін пайдаланып, олардың атына микрокредиттік ұйымдардан несие рәсімдеген. Алынған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Келтірілген шығын шамамен 5 млн теңгені құрады.
«Жаза ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі бойынша белгіленген санкция шегінде, іс мән-жайы мен сотталушының жеке басы, сондай-ақ келтірілген залалды өтеу шараларының қабылданбағаны ескеріліп тағайындалды», – делінген соттың түсіндірмесінде.
Жәбірленушілердің залалды өтеу жөніндегі азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Апелляциялық алқа үкімді өзгеріссіз қалдырды, ол заңды күшіне енді.