Жетісу облысында меморган жетім қыз баланың ақшасын бермей қойғаны анықталды
Жетім қызға жылдар бойы төленбеген жәрдемақы өндірілетін болды

Жетісу облысында ата-анасынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленген қыз балаға бірнеше жыл бойы асыраушысынан айрылғаны жөнінде жәрдемақы төленбегені анықталды. Бұл туралы облыстық сот хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Істі мамандандырылған әкімшілік сот қарады. Оның мән-жайына сәйкес, жәбірленуші 2017 жылы ата-анасынан айырылып, жәрдемақы алуға құқылы болған. Алайда оған төлем тағайындалмай, өтініштері қаралмай қалған.
Қыз бала 2017-2021 жылдары толықтай мемлекеттің қамқорлығында болғандықтан, жәрдемақы рәсімдеу тәртібі жөнінде хабарланбаған. Ол мұны әлеуметтік қорғау органдарының әрекетсіздігі деп бағалады.
Сот өкілдері істі зерделеп, жәбірленушінің құқығы бұзылғанын анықтады. Қорғаншылық органдары мен уәкілетті мекемелер оның мүддесін қорғауға тиіс болған.
Нәтижесінде сот әлеуметтік қорғау органдарының бас тартуын заңсыз деп танып, істі қайта қарауға және жәрдемақы төлеу туралы оң шешім шығаруға міндеттеді. Сонымен бірге, қызға төленген мемлекеттік баж қайтарылатын болды.
Шешім заңды күшіне енді.