Маңғыстауда кәсіпкерлердің құқығын таптаған шенеуніктер жазаланды
Прокуратура тексеріс қорытындысын жариялады

Маңғыстау облысының прокуратурасы кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бақылаудың заңдылығына талдау жүргізді. Нәтижесінде 17 құқықбұзушылық фактісі әшкереленіп, мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары тарапынан заңсыз тексерулер мен кәсіпкерлікке негізсіз араласу әрекеттері анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Заңсыз әрекеттердің негізгі түрлері
Атап айтқанда, Ақтау қаласы мен Маңғыстау, Мұнайлы, Қарақия, Түпқараған және Бейнеу аудандарында мынадай заңбұзушылықтар тіркелді:
- кәсіпорындарға қатысты заңсыз тексерулер жүргізу,
- көрсетілген қызмет үшін төлем жасаудан бас тарту,
- негізсіз талап-арыздар беру,
- құжаттарды заңсыз алу,
- тексерулерді тіркеу тәртібін бұзу.
Лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылды
Аталған деректер бойынша 17 лауазымды тұлға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 173 және 175-баптарына сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура кәсіпкерлерге үндеу жасады
Прокуратура өкілдері кәсіпкерлік құқықтарының сақталуын қадағалауды жалғастыратынын мәлімдеді. Әрбір анықталған заңбұзушылық бойынша тиісті шаралар қабылданады.