$ 540.84  634.46  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

БҚО-да жылу құбырларын жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Жылыту маусымына орай бірқатар міндет атқарылған

БҚО-да жылу құбырларын жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Фото: istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысы соңғы жылдары коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Әсіресе, жылу жүйесін жаңарту – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, қыс мезгілінде үйлерді үздіксіз әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуге бағытталған негізгі басымдықтардың бірі болып отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.

Редакцияның сауалына жауап берген облыс әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылға бекітілген жылдық жоспарға сәйкес, облыс аумағында жылу желілерін қайта құру мен жөндеу жұмыстары қарқынды жүрді. Биыл жалпы ұзындығы 5,5 шақырым болатын жылу құбырлары толықтай ауыстырылды. Бұл мақсатқа мемлекеттік және жергілікті бюджет есебінен 330,8 миллион теңге қаржы бөлініп, бөлінген қаражат тиімді игерілген.

«Жоспарланған жұмыстардың барлығы 100 пайыз орындалды. Бұл – облыс тұрғындары үшін үлкен жетістік, өйткені ескі құбырлардан туындайтын апаттық жағдайлардың алдын алу және жылуды тұтынушыларға үздіксіз жеткізу басты назарда тұр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2023 жылы 5,625 км, ал 2024 жылы 6,712 км жылу құбыры жаңартылған болатын. Осы деректерден жыл сайын жаңғыртылатын құбырлардың ұзындығы тұрақты түрде артып келе жатқанын байқауға болады. Бұл – өңірде жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүйелі жолға қойылғанының айқын дәлелі», - делінген хабарламада.

Мамандардың пікірінше, жылу жүйесін уақытылы жөндеу апаттық жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы болып отыр. Өйткені қысқы кезеңде құбыр жарылып, жылудың тоқтап қалуы мыңдаған тұрғынға қолайсыздық әкелуі мүмкін. Сондықтан да құбырларды жоспарлы түрде ауыстыру – тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мен энергия ресурстарын үнемді пайдалану үшін аса маңызды.

2025 жылы Батыс Қазақстан облысында коммуналдық саладағы ең ауқымды жобалардың бірі қолға алынбақ. Орал қаласында «ЖЭО коллекторынан «Сити-Центр» СО ТК-10 (а-н.) түсуге дейінгі ТМ-2 трассасын реконструкциялау» жобасы жүзеге асырылады.

Бұл жоба тек техникалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік маңыздылығы жағынан да ерекше. Жоспарға сәйкес, реконструкцияланатын трассаның ұзындығы 3,97 шақырымды құрайды. Жаңа жоба аясында тек құбырларды ауыстыру ғана емес, сонымен бірге заманауи құрылыс нормалары мен халықаралық стандарттарға сай жаңа технологияларды енгізу көзделген.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарының тапсырыс берушісі – «Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі». Жобаның жалпы сметалық құны 9,9 миллиард теңгеге бағаланған. Мұндай ірі қаржыландыру көлемі аталған жобаның өңір үшін стратегиялық маңыздылығын көрсетеді.

Жоба толық аяқталған соң, Орал қаласының орталық бөлігі мен көршілес аудандарындағы мыңдаған тұрғындарға жылу үздіксіз әрі сапалы жеткізіледі. Сонымен қатар, ескі құбырлардан туындап келген апаттық жағдайлардың тәуекелі едәуір төмендейді деп күтіліп отыр.

Қазіргі заманда энергия ресурстарын үнемді пайдалану және апаттық жағдайлардың алдын алу коммуналдық саладағы басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта Батыс Қазақстан облысында бірқатар заманауи технологиялар енгізілген.

«Біріншіден, жедел қашықтықтан бақылау жүйесі (ЖҚБ) іске қосылды. Бұл жүйе құбырлардың жылу оқшаулағыш қабатының ылғалдылығы жоғары учаскелерін нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай технология мамандарға ақауларды дер кезінде тауып, жөндеу жұмыстарын алдын ала жүргізуге жағдай жасайды. Қазіргі уақытта ЖҚБ жүйесі ТМ-5 және ТМ-2 жобаларында қолданысқа енгізілді. Екіншіден, жиілік түрлендіргіштері бар сорғылар орнатылды. 2024 жылы облыстағы 11 жылу пунктіне осындай жабдықтар қойылды. Бұл шешім сорғылардың қызмет ету мерзімін ұзартуға, электр энергиясын үнемдеуге және су соққыларының алдын алуға септігін тигізеді», - делінген хабарламада.

Үшіншіден, жүйені автоматтандыру жұмыстары қолға алынған. 2026 жылға қарай тағы 7 жылу пункті жиілік түрлендіргіштері бар сорғылармен жабдықталып, деректер тікелей орталық диспетчерлік қызметке онлайн түрде беріліп отырады. Бұл қадам жылу жүйесін басқарудың тиімділігін айтарлықтай арттырады.

Жеке тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылумен қамту да өңірде біртіндеп жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың мақсаты – жеке сектор тұрғындарына да көпқабатты үйлердегідей сапалы әрі тұрақты жылу жеткізу.

Қазіргі таңда Орал қаласында 1217 тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылған. Оның ішінде 26 жеке тұрғын үй және 1191 көппәтерлі тұрғын үй бар. Бұл – жеке сектордың біртіндеп орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылып жатқанын көрсетеді.

Мәселен, 2024 жылы «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамы Молдавская көшесі №2/1 мекенжайындағы тұрғын үйді орталық жылытуға қосты. Ал 2025 жылы Жуков көшесі №4 үй қосылды. Бұл үрдістің жалғаса беруі жеке сектордың тұрғындары үшін тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жеке тұрғын үйлерді орталық жылумен жабдықтауға немесе газға қосу үшін азаматтар келесі қадамдарды орындауы тиіс:

  • Өтініш беру. Азамат тиісті ресурспен жабдықтаушы ұйымға өтінішпен жүгінеді.
  • Құжаттарды дайындау. Меншік құқығы туралы куәлік, үйдің орналасу схемасы және жоспарланған жүктеме көрсетілген құжаттар ұсынылады.
  • Техникалық шарттарды алу. Өтініш қаралғаннан кейін өтініш берушіге техникалық шарттар беріледі. Бұл құжатта қосылу мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі жөнінде нақты ақпарат көрсетіледі.
  • Осы рәсімдер аяқталған соң ғана тұрғын үйді орталық жылумен жабдықтауға немесе газ желісіне қосу жұмыстары басталады.

Белгілі болғандай, Батыс Қазақстан облысында жылу жүйесін жаңарту бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары жүйелі түрде қолға алынып, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Өңірдің коммуналдық инфрақұрылымын дамыту – тұрғындардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін маңызды сала. Соңғы үш жылда жыл сайын 5–7 шақырым аралығында ескі құбырлар ауыстырылып, олардың орнына жаңа, заманауи талаптарға сай жылу желілері тартылды. Бұл көрсеткіш жылу жүйесін кезең-кезеңімен жаңарту ісінің тұрақты жүріп жатқанын дәлелдейді.

Жылу құбырларын жоспарлы түрде ауыстырудың басты мақсаты – қыс мезгілінде жиі орын алатын апаттық жағдайлардың алдын алу. Өйткені ескірген желілер қыстың қақаған аязында жиі істен шығып, мыңдаған тұрғынды уақытша жылусыз қалдыруы мүмкін. Ал жаңа технологияларды енгізу және құбырларды уақтылы жаңғырту мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді.

2025 жылы басталатын Оралдағы ТМ-2 трассасын реконструкциялау жобасы – облыс үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды бастама болып отыр. Бұл жоба тек құбырларды ауыстырумен шектелмей, жылу жүйесіне халықаралық стандарттарға сай жаңа шешімдер енгізуді көздейді. Жоспарланған жұмыстың нәтижесінде қаладағы бірнеше шағын аудан мен орталық бөлік тұрғындары сапалы әрі үздіксіз жылумен қамтылады.

Мамандардың айтуынша, аталған жоба жүзеге асқаннан кейін жылу жүйесінің сенімділігі артып қана қоймай, апаттық жағдайлардың туындау ықтималдығы айтарлықтай төмендейді. Сонымен қатар, жаңартылған инфрақұрылым энергияны үнемді пайдалануға мүмкіндік беріп, коммуналдық қызметтің сапасын арттырады.

Осылайша, Оралдағы ТМ-2 трассасын реконструкциялау тек техникалық тұрғыда емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Жобаның сәтті орындалуы облыс халқының тұрмыс сапасын жақсартып, өңірдің тұрақты дамуына қосымша серпін бермек.

Сонымен бірге, жеке сектор үйлерін орталық жылумен қамту жұмыстары да біртіндеп жүзеге асырылып келеді. Бұл шаралар өңір тұрғындарына ыңғайлы жағдай жасап қана қоймай, энергия ресурстарын үнемді пайдалануға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, атқарылып жатқан шаралар Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына сапалы коммуналдық қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.

Серіктес жаңалықтары