Сахнадан көрінбей кеткен Сырым Исабаев араға 10 жыл бойы қандай іспен айналысқанын айтып берген болатын
Белгілі әнші Сырым Исабаев журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында «Өкінбеймін» әнінің шығу тарихын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бір күні жанармай құю бекетіне барып қалдым. Бензин құютын адам жоқ екен. Көп жерде өзім құйып жүрмін ғой, ондайдан еш тартынбаймын. Өзім құйып тұрсам, екінші көліктегі бір кісі «Сәке, сізге не болған? Ән айтып жүргенде жарқырап жүретін едіңіз ғой» деді. Енді оның бар ақылы соған жеткен шығар, арғы жағында не болып жатқанын білмейді ғой. Кәсіпте жүргеннен кейін не талап етеді, соны істейсің. Әншілік емес ол. Сөйтті де көлігіне отырып кетіп қалды. Менің мына жерімде (көкірек тұсын нұсқады – агенттік) бір нәрсе қалып қойды», - дейді Сырым Исабаев.
Әнші ішіндегі сөзді айтып үлгере алмай қалғанын атап өтті.
«Содан Леңгір жақта аранжировщик жігіт бар еді, соған қоңырау шалып, музыкаңды қос, бара жатырмын дедім. Не айта алмай жатқанымды өзім білмеймін. Кітап алдырдым. Бір-екі парақтағаннан кейін «Өкінбеймін» деген сөз шықты. Сөздің басы. Осы екен ғой шығара алмай жатқаным дедім. Бірден ән туды. Жүректен шыққан ән жүрекке жетті», - деп түйіндеді өнер иесі.
Еске сала кетейік, сахнадан көрінбей кеткен Сырым Исабаев араға 10 жыл салып, былтыр жаңа жыл қарсаңында «1001 түн» бағдарламасына қатысып, осы уақыт аралығында қандай іспен айналысқанын толықтай айтып берген болатын.
«Соңғы рет 2014 жылы концерт беріп, содан кейін сахнамен қол үзіп қалдым. Негізгі білім алған мамандығым бухгалтер болатын. Есеп-қисапқа бет бұрғым келді. Осылай кәсіпке араласып кеттім. Қазіргі уақытта екі демалыс аймағы мен жасөспірімдерге арналған білім беру сауықтыру кешінін аштым. Олар қазір жұмыс істеп тұр.
Еш нәрсе мәңгілік емес. Өнерден де алшақтайтын кез болады. Міне осы кезде бала-шағамды кім асырайды?! Олар Шымкентте тұрады. Ал мен Алматы мен екі ортада шапқылап жүремін. Сол себепті кәсіпке бет бұрдым. Қазір берекелі болып жатыр», – деген еді Сырым Исабаев.