Астанада түнгі клубтағы жас жігіттің өлімі: оның жүрегіне пышақ сұғып алған сәттің видеосы тарады
Оқиға орнында полиция қызметкерлері болғанымен, олар дереу араласпай, қайғылы жағдайдың алдын алмаған

Астанадағы түнгі клубтардың бірінде жігіттер арасындағы жанжал қайғылы жағдаймен аяқталып, 19 жастағы жігіт қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жастар арасындағы дау төбелеске ұласты. Төбелес арасында ер адамдардың бірі 19 жастағы жігіттің жүрек тұсына пышақ сұғып алды. Жас жігіт оқиға орнында көз жұмды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды.
Марқұмның әпкесі Аружан Әбді Instagram парақшасында бейнебақылау камерасынан алынған жазбаны жариялап, болған жайтты түсіндірді.
«Қылмыскер менің бауырымның жүрек тұсына бір емес, екі рет пышақ сұғып алды. Шабуыл жасағандардың саны әзірге белгісіз. Бірақ бұл жерде бір ғана бала емес. Солардың бірі жүрекке екі рет, аяққа екі рет пышақ сұғып, қолына да жарақат салған. Қазіргі таңда тек біреуі ғана ұсталды», – деді ол.
Аружанның айтуынша, жанжал кезінде оқиға орнында полиция қызметкерлері болғанымен, олар дереу араласпай, қайғылы жағдайдың алдын алмаған.
«Біз сіздерден талап етеміз: барлық кінәлілер табылып, заң бойынша ең қатаң жазаға тартылсын; клуб басшылығы, күзетшілер мен иелері әрекетсіздігі үшін жауап берсін; мұндай қасірет қайталанбауы үшін бұл клуб жабылсын!
Біз сот арқылы әділдікті талап етеміз. Әркім өз әрекеті мен әрекетсіздігі үшін жауап беруі тиіс!» – дейді марқұмның әпкесі