«Братишка, шулатып, қайда жүрсің?»: СҚО-да 4 ай бұрын жоғалған адам Қостанай облысынан табылды
Ол Қостанай облысының Маршановка ауылынан табылды
Солтүстік Қазақстан облысында жоғалып кеткен ер адам Қостанай облысынан табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Қостанай облысының Маршановка ауылында полицейлер 41 жастағы ер адамға назар аударды. Оның жүзі таныс көрінген. Себебі ол Солтүстік Қазақстан облысы полициясының іздеуінде жүрген азамат болып шықты.
Ер адам сәуір айында Астанаға жұмыс іздеп кеткен, кейін байланыс нашар ауылға қоныстанған. Сондықтан оның іздестіріліп жатқанынан бейхабар болған. Ал ол кезде туыстары алаңдап, полицияға хабарласқан және тіпті Instagram әлеуметтік желісінде де іздеу жариялаған. Анасы мен қарындасы үмітін үзбей, нәтижесінде, кездесетін күнге де жетті.
Полицейлер ер адамның қайда екенін анықтап қана қоймай, туыстарымен бейнеқоңырау арқылы қауыштырды.
Кадрда көзіне жас алған, бірақ бақыттан жылаған анасы: «Жаным-ау, балам, шошыттың ғой! Қайда жүрсің?» — деп көз жасын әрең тияды.
Ал қарындасы қалжыңдап: «Братишка, бүкіл Инстаграмды шулатып қайда жүрсің?» – деп күлімсірей сұрайды.
«Ер адам туыстарына жақын арада баратынын, енді жоғалып кетпейтінін айтты.
Ал анасы үшін ең үлкен сый – ұлының даусын естіп, тірі, аман-есен екенін көріп, көп ұзамай үйге оралатынына көз жеткізу болды.
Кейде отбасын қайта қауыштыру үшін — бір қоңырау мен бейжай қарамайтын полицейлердің көмегі жеткілікті», – дейді Полиция департаменті.