Алматылық партия мүшелері президент жолдауындағы стратегиялық бағдарларды талқылады
Фракцияның отырысында партия белсенділері президент жолдауын қолдайтындарын білдірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауы бүкіл ел үшін стратегиялық даму бағытын айқындайды. Ол барша Қазақстан халқына арналып, жаңа жаһандық сын-қатерлер алдында қоғамды біріктіруге шақырады. Бұл туралы Алматы қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Фракцияның отырысында партия белсенділері президент жолдауын қолдайтындарын білдірді. «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы, мәслихаттағы фракция жетекшісі Станислав Канкуровтың айтуынша, бүгінде цифрландыру – табысқа жетудің басты құралына айналуда.
«Біз қазір алдағы ондаған жылда Қазақстанның қандай болатынын анықтайтын өзгерістердің табалдырығында тұрмыз. Президент цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу еліміз үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынын өте орынды атап өтті. Бұл тек басқарудағы тиімділікке, ашықтыққа және азаматтарға ыңғайлылыққа апаратын жол ғана емес. Бұл – жаңа жұмыс орындарын ашатын, ғылым мен білімге серпін беретін, халықаралық аренадағы орнымызды нығайтатын тұтас жаңа индустрия қалыптастырудың негізі», – деді ол.
Алматы қалалық мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев өз сөзінде цифрландыру жаңа ұлттық идеяға айналып келе жатқанын айтты.
«Жолдауда Мемлекет басшысы еліміздің алдағы уақыттағы саяси, экономикалық және инновациялық дамуының стратегиялық бағыттары мен мақсаттарын нақты айқындады. Президент әлемдік геосаяси жағдай мен прогресс талаптарын ескере отырып, мемлекеттің тұрақты дамуына және жасанды интеллект саласында ауқымды жұмыстың басталуына жаңа серпін берді. Осы орайда, экономиканы жаңғыртудың жаңа векторы ретінде жалпы цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізудің маңыздылығы ерекше атап өтілді», - деді ол.
Депутаттар өз сөздерінде цифрлық технологиялар денсаулық сақтау саласын түбегейлі өзгерте алатынын, оның ішінде медициналық қызметтердің сапасын бақылау мен отандық фармацевтиканы дамытуға ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ көлік саласына ерекше назар аударылды: Қазақстан Еуразияның транзиттік хабына, ал Алматы осы бағыттағы негізгі тораптардың біріне айналуға тиіс. Жер ресурстарын тиімді пайдалану қажеттілігі де атап өтілді.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы жолдауда Алматы және Алматы облысындағы тау және тау шаңғысы туризміне де баса көңіл бөлді. Аталған сала қарқынды дамуда: биылдың өзінде қалаға 1,1 млн турист келген, оның 323 мыңы – шетелдіктер. AMANAT партиясы бұл бағыттағы жұмыстарды «Алатау аманаты» жобасы аясында жалғастырып келеді. Жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, туристерді тартып, жергілікті шағын бизнестің дамуына серпін береді.
Сонымен қатар депутаттар отырыста партияның Алматы қаласы бойынша сайлауалды уәделерінің орындалу барысын да қарастырды. Мәселен, осы жылдың алғашқы жартысында 21 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылған, 7 жаңа мектеп, 4 жатақхана және 4 балабақша салынған, газбен жүретін 200 автобус сатып алынған, 167 аула абаттандырылып, 75 шақырым жол жөнделген.
Жиын соңында депутаттар мемлекет басшысының жолдауында берген барлық тапсырмалары Алматы тұрғындары үшін нақты жобалар мен нақты өзгерістерге айналуы басты мақсат екенін айтты.