ШҚО-да шетелден келген 19 адам қымбат металлдарды заңсыз өндіріп жатқан жерінен ұсталды
Сол сияқты Өскеменнің екі тұрғыны да ұсталды
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактісін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, облыстың бір ауданында 19 шетелдік азамат пен Өскемен қаласының 2 тұрғыны ұсталған. Қымбат металлдарды өндіруге арналған экскаваторлар, бульдозер, ұсатқыш қондырғылар және басқа да жабдықтар, сондай-ақ құрамында алтын мен басқа да бағалы компоненттердің белгілері бар металл бұйымдары тәркіленді.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында құқыққа қарсы әрекетке қатысы бар болуы мүмкін 20-дан астам адам тексерілуде. Дәлелдер жиналып, қажетті сараптамалар тағайындалды, істің барлық мән-жайын анықтау шаралары қабылданып жатыр», – делінген ПД хабарламасында.