Өмірзақ Шөкеев Мақтааралда су тасқынынан зардап шеккен ауылдарды аралады

Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады

Өмірзақ Шөкеев Мақтааралда су тасқынынан зардап шеккен ауылдарды аралады
Фото: баспасөз қызметінен

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен ауылдарды аралап, бүгінгі жай-күйімен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі әкімдікке сілтеме жасап.

«Сапар барысында аймақ басшысы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Өргебас және Фирдауси ауылдарын қалпына келтіру жұмыстарын көріп, жергілікті тұрғындармен кездесті. Халық саны 1500-ға жуық Өргебас елді мекенінде тұрғындармен келісімшарт түзіліп, құрылыс жұмыстарына арналған қаражаттары бөлінген. Бүгінгі таңда 133 үй сырылып, іргетасын құю жұмыстарына дайындық жасалуда. Тағы 66 үйдің іргетасы құйылып, 12 үйдің қабырғасы қалануда. 1 үйдің шатыры жабылған. Ал, Жаңа жол ауылдық округіне қарасты Фирдоуси елдімекенінде 274 үйдің аумағы тазартылып, 116 үйдің іргетасы құйылған. 10 үйдің қабырғасы қаланып жатыр», - жеп жазылған хабарламада.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бұдан соң Мырзакент маңында бой көтеріп жатқан жаңа мөлтек аудандағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Жаңа мөлтек ауданда бүгінде 31 мердігер мекеме тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатыр. Жалпы, 386 үйдің құрылысына 1553 адам жұмылдырылған. 51 үйдің шатыры жабылып, 2 үйдің құрылысы толық аяқталған. Әкім құрылыс компанияларына құрылысты сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтауды тапсырды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.