Ерейментауда қазақ күресінен өткен турнирде бозбала мойын омыртқасын сындырып алды (ВИДЕО)
Ақмола облысында қазақ күресінен өткен турнирде 15 жастағы спортшы ауыр жарақат алды
Ақмола облысында Перуаш Кәрімұлының рухына арналған республикалық қазақша күрес жарысында 15 жастағы балуан мойын омыртқасын сындырып алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 7 қыркүйекте Ерейментау қаласында болған. Сәтсіз қимыл кезінде жас спортшы кілемге басымен құлап, есінен танып қалған. Залда кезекші дәрігер дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған. Жасөспірімге клиникалық өлім диагнозы қойылғанымен, дәрігерлердің әрекеті нәтижесінде жүрек соғысы қалпына келтірілді.
Зардап шеккен жасөспірім Ерейментау аудандық ауруханасына жеткізіліп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Кейін Көкшетау мен Астанадан келген мамандардың кеңесінен соң науқасты Астана клиникасына жеткізу туралы шешім қабылданды.
Алдын ала дәрігерлік диагноз — мойын омыртқасының сынуы.
Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.