Ол тексеруден өтеді
Қазіргі уақытта бүлдіршін табылып, тексеруден өту үшін ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырмасы бойынша Психологиялық қолдау орталығының мамандары оқиға орнына барып, психологиялық көмек көрсетуде. Сондай-ақ, Алматы облысының балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі де оқиға орнында жұмыс істеп жатыр», – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, Алматы облысының Талғар қаласында ер адам оққа ұшып, екі жасар қыз бала ұрланғанын хабарлаған едік. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, күдікті мен жәбірленуші әйел, яғни, баланың анасы бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Алайда олардың арасында жанжал шығып, соның салдарынан күдікті жігіт әйелдің ағасын мылтықпен атып өлтірген.