$ 537.91  628.87  6.6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркістан облысында ауыл тұрғыны бұлақ суына балық өсіріп отыр

Өңірде ағынсу тапшы екеніне қарамастан, Қаратаудың теріскейін мекендеген халық амалын тауып, өз кәсібін ашып жатыр

Түркістан облысында ауыл тұрғыны бұлақ суына балық өсіріп отыр
Фото: freepik.com

Түркістан облысының Созақ ауданында ауыл тұрғыны бұлақ суына балық өсіріп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz телеарнасына сілтеме жасап.

Шолаққорған ауылының тұрғыны Шора Ерназаров былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 8 млн 300 мың теңге жеңілдетілген несие алған. Оған Қаратудың етегінен 2 гектар жер алып, 2 тоған қаздырған. Шаруа біреуіне форельдің 7 мың, екіншісіне сазанның 4 мың майда шабағын жібергенін айтады. Суды жер астынан шығып жатқан бұлақ көзінен алған.

«Негізі бұл жерде майда бұлақтар бар, соның есебінен алғанбыз. Таза су мұздай, форельге болады. Бұл тоғанның көлемі 30х50. Тереңдігі 1х1,5 метр. Биыл жазда қармақпен келіп аулаушылар болды. Сосын осы жақын жерде өзімнің демалыс орным бар, соған апарып, адамдарға сұранысы бойынша қуырып бердім. Негізі істеуге болатын жұмыс. Көп еңбек керек», - дейді шаруа Шора Ерназаров.

Шаруа тағы 2 тоған қаздырып, балық жіберуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ тоған басынан балық аулаушылар тынығатын демалыс орнын ашпақ ниетте. Себебі шабақ сатып алуға кеткен шығынның 30, ал жемінің 50 пайызын мемлекет өтеп береді.

Жалпы Созақ ауданында балық аулайтын 14 тоған бар. Одан бөлек, былтыр «Ауыл аманаты» жобасымен 7 азамат 56 млн теңге несие алып, балық шаруашылығын ашқан.

«Форель, Сазан, Дөңмаңдай сияқты балық тұқымдарын салды. 2025 жылға 687 тонна балық өнімін өндіру межеленген. 6 айдың қорытындысы бойынша 118 тонна балық өнімін өндірдік. Енді жыл соңына дейін жоспарды орындаймыз деген ойымыз бар. Жалпы «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылатын болса, балық шаруашылығын дамытуға қосымша тағы да 7-8 азамат өтініш білдіріп отыр», - дейді аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Ермек Оразбеков.

Түркістан облысында балық шаруашылығын дамытуға басымдық берілуде. Соңғы 3 жылда жаңадан 91 балық шаруашылығы ашылды. Биыл жыл басынан бері тауырлы балық өсіретін 30 жаңа шаруашылық іске қосылды. Өңірде қолдан жасалған тоғандарды қоспағанда жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Онда 200-ге жуық кәсіпкер тауарлы балық өсірумен айналысады. Биыл облыс шаруалары 10 мың тонна тауарлы балық өндіруді жоспарлап отыр.

Серіктес жаңалықтары