Павлодарда бұрынғы әйелін балағаттаған адам 10 тәулікке қамалды
Отбасылық жанжалдың соңы әкімшілік қамауға ұласты

Павлодар облысында ер адам бұрынғы жұбайына ауызша тіл тигізіп, жанжал шығарғаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оқиға Павлодар ауданындағы ауылдардың бірінде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция мәліметінше, құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс Павлодардың әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотына жолданған. Сот шешімімен оған қорғау нұсқамасы шығарылып, 10 күнге қамауға алу жазасы тағайындалды.
«Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы
Бұл жағдай облыста жүргізіліп жатқан «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы аясында тіркелді. Шара барысында:
- 2 500-ден астам азаматтың тұрмыстық жағдайы тексерілді;
- 21 қорғау нұсқамасы берілді;
- 8 адамға арнайы талаптар қойылды;
- 33 әкімшілік іс қозғалды.
Полиция тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды басты мақсат етіп отыр.
Полиция ескертеді
Облыстық ПД өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін жасыру қылмыстың ауыр түрлеріне әкелуі мүмкін екенін ескертті.
«Ешкім отбасы мүшелерінен немесе туыстарынан зорлық-зомбылық көруге тиіс емес. Егер сіз тұрмыстық жанжалдың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласыңыз», – деп мәлімдеді полиция.