$ 537.91  628.87  6.6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада 80-ге жуық зейнеткер қазақ тілінің үйірмесіне қатысып жүр

Өзге ұлт  өкілдері арасында қазақ тіліне құштар адамдар көп

Астанада 80-ге жуық зейнеткер қазақ тілінің үйірмесіне қатысып жүр
Фото: gov.kz

Қазақстан халқының тілдері күні қарсаңында Байқоңыр ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Тіл – татулық тірегі» атты әдеби-танымдық сабақ өтті. Шара мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, тіл арқылы ұлтаралық татулық пен достықты насихаттауға арналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әдеби кешке белсенді ұзақ өмір сүру орталығында тіл үйренуші зейнеткерлер, «Ұрпаққа аманат» зияткерлік клубының мүшелері, мектеп оқушылары мен тіл жанашырлары қатысты.

Іс-шара барысында клуб мүшелері мемлекеттік тіл жайлы нақыл сөздер мен ой толғауларды жатқа айтып, тіл үйренуші топ өкілдері қанатты сөздерді оқыды. Сондай-ақ, кеште Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасы туралы мол мағлұмат беріліп, ақынның «Аққұм» әні орындалды.

«Тіл – татулық тірегі» атты сабақ орталықтың тіл маманы Маржан Бектұрсынқызының авторлық бағдарламасы бойынша өтті. Қазақ тілін үйренуге деген ынтасы зор зейнеткерлердің белсенділігі көпшіліктің көңілінен шықты.

«Байқоңыр ауданында қазақ тілі үйірмесіне бүгінде 80-ге жуық зейнеткер қатысады. Олар тілді меңгеру деңгейіне қарай 6 топқа бөлініп оқиды. Әсіресе өзге ұлт өкілдері арасында тіл үйренушілердің қатары күн санап артып келеді. Оларға тіл жанашыры, ардагер ұстаз Маржан Примбетова өз бағдарламасы арқылы дәріс береді. Сонымен бірге, зейнеткерлер «Ұрпаққа аманат» атты зияткерлік және «Тіл шаңырағы» поэзиялық клубтарына да белсене қатысып жатыр», – деді Байқоңыр ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Роза Қарабекқызы.

Кеш соңында қатысушылар М.Шахановтың «Тіл мен Рух» әнін бірге шырқап, мерекелік рухты асқақтатты. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкерлері мен мектеп мұғалімдері шараны жоғары бағалап, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

 

 

Серіктес жаңалықтары