Ақтөбе облысында ауыл тұрғыны ауласына есірткі өсіріп, жарты центнерден аса «өнім» алған
Үй ауласындағы жер учаскесінен 148 түп өсімдік табылып, тәркіленді

Ақтөбе облысында Мәртөк ауданына қарасты ауылдардың бірінде жергілікті тұрғын ауласына есірткі өсірді деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәртөк ауданының полицейлері ҰҚК аудандық бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, «Қарасора» және «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шаралары аясында аудан ауылдарының бірінде тұратын азаматтың есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін екенін анықтады.
Күдіктінің тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту барысында үй ауласындағы жер учаскесінен 148 түп өсімдік табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар, үй ішінен ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған шелек те тәркіленді.
«Тағайындалған сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар есірткі заты марихуана болып саналады, жалпы салмағы – 56 килограмм.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы (сату мақсатын көздемей, есірткі заттарын заңсыз дайындау, өңдеу, иемдену, сақтау) бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Қазіргі таңда тиісті жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – делінген облыстық ПД хабарламасында.