$ 539.55  627.55  6.7
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Төрт баланың анасы анестезиядан кейін көз жұмды»: Аманжол Әлтай Ұлытаудағы сұмдық жайттарды жария етті

Бұл – дабыл қағарлық жағдай, дейді ол

«Төрт баланың анасы анестезиядан кейін көз жұмды»: Аманжол Әлтай Ұлытаудағы сұмдық жайттарды жария етті
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай Ұлытау облысындағы денсаулық сақтау жүйесінің ауыр жағдайына алаңдап, үкіметке арнайы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «Денсаулық – басты байлығымыз. Алайда Ұлытау облысының аудандық, облыстық ауруханаларынан сапалы медициналық көмек ала алмай, Қарағанды мен Астанаға сабылып жүрген тұрғындардың жанайқайын ескеріп, батыл шешім қабылдамаса болмайды», – деді депутат.

Оның айтуынша, 2025 жылғы 4 маусымда денсаулық сақтау министрлігі берген ресми мәлімет өңірдегі жағдайдың қаншалықты мүшкіл екенін көрсетіп отыр.

«Жезқазғандағы облыстық ауруханада онкология бөлімінде небәрі 30 орын ғана бар. Перинаталдық орталықта 106 орын қарастырылған. Ал ондағы мамандар саны тіпті аз: бар болғаны 2 анестезиолог-реаниматолог, 6 акушер-гинеколог, онкология бөлімінде 3 дәрігер мен 7 орта буын қызметкер ғана еңбек етіп жүр. Бұл – дабыл қағарлық жағдай», – деді Аманжол Әлтай.

Депутат жуырда Жаңаарқа ауданында болған адам өлімі туралы пікір білдірді.

«Қарапайым аппендэктомия кезінде, анестезиядан соң төрт баланың анасы көз жұмды. Неге? Себебі қажетті құрал-жабдық жоқ, дәрі-дәрмек жетіспейді, аллергиялық сынама жасалмаған, ал жауапты маман біліксіздік танытқан. Бұл – өңірдегі медицинаның қордаланған дағдарысын көрсететін қаралы мысал», – деді ол.

Депутат халықтың әлеуметтік желілерде жиі көтеріп жүрген проблемаларын да атап өтті.

«КТ аппараты істемейді, дәрі-дәрмек тапшы, дәрігер жетіспейді. Жедел жәрдем көліктері ескірген, ал жаңа көліктер алдымен қалаға беріледі де, ауылдарға жарамсыз ескі техника ғана қалады. Сөйтіп, науқасты аудандық ауруханаға жеткізе алмай жүрген дәрменсіз ауыл дәрігерлерін көресіз. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды», – деді Мәжіліс депутаты.

Аманжол Әлтай Үкіметтен келесі нақты қадамдарды талап етті.

«2026 жылға дейін Ұлытау облысында заманауи көпсалалы клиникалық орталықтың құрылысын бастау қажет. Бұл онкология, перинаталдық және жедел жәрдем бағыттарындағы ең өзекті мәселелерді шешеді», - деді ол. 

Бұдан өзге депутат мына мәселелерді шешу керек дейді. Соның ішінде:

  • Облыстық және аудандық ауруханаларды толық аудиттен өткізіп, қайта жаңғырту керек.
  • Ауылдық жерлер үшін «дағдарыс кадрлық квотасын» енгізу қажет. Әлеуметтік пакетпен бірге анестезиолог, хирург, акушер, неонатолог сияқты тар бейінді мамандарды тартуымыз керек.
  • Әрбір ауруханада «пациентке бағытталған» басқару моделін қалыптастырып, қоғамдық бақылау орнату керек.
  • Ауыл дәрігерлерін жаңа жедел жәрдем көліктерімен қамтамасыз етуді мемлекет өз бақылауына алуы тиіс.

 «Халық денсаулығы – ұлт болашағы. Ұлытау өңірінің тұрғындары сапалы медициналық көмекке әбден лайық. Сондықтан бұл мәселені созбалаусыз шешу керек», – деп түйіндеді ол.

 

Серіктес жаңалықтары