$ 539.55  627.55  6.7
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Депутат көліктің техникалық тексеруін 2-3 жылда бір өткізуді ұсынды

12 мың жол апатының төртеуі ғана техникалық ақаудан болған

Депутат көліктің техникалық тексеруін 2-3 жылда бір өткізуді ұсынды
Фото: Үкімет

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов техникалық байқау қауіпсіздікті емес, табыс көзіне айналғанын айтып, Мәжілісте депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат атағандай, сайлаушылармен кездесуде, әлеуметтік желі арқылы азаматтардың басым бөлігі техникалық тексеру процесі көлік құралдарының техникалық жағдайын нақты тексеруге емес, белгілі бір жеке мүдделі құрылымдардың қаржылық пайдасына жұмыс істейтін жүйеге айналғанын алға тартып жатқанын айтты.

«Ішкі істер министрлігінің деректері де соны дәлелдейді: 2025 жылы тіркелген 12 мың жол апатының төртеуі ғана, ал 2024 жылғы 31 мың апаттың небәрі 17-сі көліктің техникалық ақауынан болған. Демек, жол-көлік аппаттарының басты себебі - жүргізушілердің ереже бұзуы мен жол сапасына тікелей байланысты. Бүгінде елімізде 1 мамырдағы жағдай бойынша 6,2 млн көлік бар, оның 4,9 миллионы жыл сайын міндетті техникалық тексеруден өтуі тиіс. 2024 жылы - 3,5 млн тексеруден өтсе, ал 2025 жылы алғашқы тоқсанында 1,5 млн көлік тексерілген. Орташа бағасы 5 мың теңгеден есептегенде, саладағы операторлардың бір жылдық табысы 17 млрд теңгені құрайды», - дейді депутат.

Оның айтуынша, тексеріс жүйесінің көлеңкелі тұстары да аз емес.

«Мысалы, 2024 жылы 283 заңбұзушылық дерегі анықталып, 8 млн теңге айыппұл салынған. Биылдың алғашқы тоқсанында тағы 105 хаттама толтырылып, 2,6 млн теңге өндірілген. Мынау жайттар жүйедегі заңбұзушылықтар мен ашықтықтың жеткіліксіздігін дәлелдейді. Халық жүйенің шынайы қауіпсіздік кепілі емес, мөр басылған қағазға төленетін ақыға айналғанын ашық айтып отыр. Әсіресе, ауылдың шалғай тұрғындары байқау орталықтарының аздығынан жүздеген шақырым жүріп, бір күнін тексеруге арнайды.Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, көптеген елде әлдеқайда тиімді және халық мүддесіне сай шешімін тапқан. Мәселен, Еуропа елдерінің көбінде мұндай тексеріс тек коммерциялық көліктерге немесе ұзақ аралықпен жүргізіледі», - дейді депутат.

Мархабат Жаймбетов «AMANAT» партиясы осы саланы әділетті, тиімді және заманауи талаптарға сай ету қажет деп санайтынын жеткізді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, келесі нақты шараларды қарастыруды ұсынамын:

  • Жеке тұлғалардың кәсіпкерлік мақсатта пайдаланбайтын жаңа емес жеңіл автокөліктеріне 2-3 жылда бір рет өтетін ашық әрі тиімді міндетті техникалық тексеріс жүйесін енгізу;
  • Техникалық байқау саласындағы заң бұзушылықтарды құқықтық қорғау органдарымен бірлесіп кешенді тексеру;
  • Барлық техникалық тексеріс орталықтарын нақты талаптарға сәйкес қайта лицензиялау тәртібін қарастыру қажет.
Серіктес жаңалықтары