$ 540.18  628.93  6.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қырғызстан тауларында қалып қойған ресейлік альпинист қаза тапты

Арнайы дрон екі рет әуеге көтеріліп, түсірілім жүргізген

Қырғызстан тауларында қалып қойған ресейлік альпинист қаза тапты
Фото: Видеодан скрин/ instagram.com/eduard_kubatov

Қырғызстанның альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті Эдуард Кубатов Жеңіс шыңында үш аптадай уақыт қалған ресейлік альпинист Наталья Наговицынаның қаза тапқанын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұл туралы қырғыз альпинисі өзінің Instagram парақшасында жариялап, Жеңіс шыңында «Құс» жартасының маңындағы Наговицынаның орналасқан жерін дрон арқылы түсірілген бейнекадрларды бөлісті.

2 қыркүйекте арнайы дрон екі рет әуеге көтеріліп, «Оңтүстік Энилчек» базалық лагерінен түсірілім жүргізген. Он минуттан астам уақытқа созылған бейнеден альпинистің тірі екені туралы белгілері байқалмаған.

«Өкінішке қарай, Наталья Наговицынаның өмірлік белгілері жоқ екенін мәлімдеуге мәжбүрміз! Барлық құтқару жұмысы тоқтатылды. Бұл біз үшін ауыр болса да, шындыққа тура қарауымыз керек! Видеоматериалдардың бәрі Натальяның ұлына жеке табысталады», – деді федерация басшысы.

Оның айтуынша, қырғыз тарапы альпинистің өмірін құтқару үшін барлық мүмкіндікті қарастырған. Алайда аса биік таулы орын, қолайсыз ауа райы, тікұшақтың қону қиындығы және құтқарушылардың физикалық мүмкіндігі жоспарды орындауға мүмкіндік бермеген.

«Жеңіс шыңындағы 7200 метр биіктікте бірде-бір құтқару операциясы сәтті болған емес. Құтқарушы альпинистердің өміріне одан әрі қауіп төндіруге құқымыз жоқ. Үкіметке, Қорғаныс министрлігіне, әскери ұшқыштарға, құтқарушыларға, альпинистерге және атсалысқан жандарға алғыс білдіреміз!» – деп толықтырды Кубатов.

Сонымен қатар ол таудағы қайғылы жағдайлар альпинистік өмірдің ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

«Біздің таулы еліміз әрдайым тартымды әрі қауіпсіз болу үшін бар күшімізді саламыз! Баршаңызға бейбітшілік пен жақсылық тілеймін! Бұл жағдайда қолдан келгеннің бәрін жасадық. Түсіністік танытуларыңызды сұраймын!» – делінген жарияланымда.

Ресейлік альпинист Наталья Наговицына 12 тамыздан бері Қырғызстандағы Жеңіс шыңында қалып отыр. Ол аяғын сындырып алған. Бұған дейін ауа райының қолайсыздығы құтқару жұмысына кедергі болған.

Оқиға кезінде Қырғызстан қорғаныс министрлігінің тікұшағы қатаң қонуға мәжбүр болды, ал басқа альпинистер тобының құрамындағы итальян спортшысы Лука Синигалья қаза тапқан еді.

Серіктес жаңалықтары