Көкшетауда екі қыз баланы қағып кеткен жүргізуші жазаланбайтын болды
Көкшетауда жеңіл көлік 10 және 12 жастағы екі қызды қағып кетті

Көкшетауда резонанстық жол-көлік оқиғасы тіркелді – велосипедпен келе жатқан 10 және 12 жастағы екі қыз баланы жеңіл көлік қағып кетті. Toyota көлігінің жүргізушісі күрт тежегенімен, оқиғаның алдын алу мүмкін болған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдайға жолдың нашар күйі мен қауіпсіздік шараларының қарастырылмауы себеп болған.
«Маяковский – Лиза Чайкина көшелерінің қиылысы: мұнда жеңіл көліктің дөңгелегі түсіп кететіндей шұңқырлар бар. Жаяу жүргінші өткелін қойды, бірақ оны аялдаманың артына орнатқан. Автобустан түскен адамдарды көлік жүргізушілері көрмейді, ал машиналар болса қатты жылдамдықпен өтеді. Мұнда «жол кедергілері» жоқ, ештеңе жоқ. Жүк көліктері де емін-еркін жүреді, ал бізде бұл жолмен жүруге тыйым салатын белгілер тұр», – деп ашуланды жергілікті тұрғын.
Ал полиция өкілдері жүргізушінің кінәсін жоққа шығарып, оқиғаға зардап шеккендердің өздерін айыптады.
«Қыздар жол ережесін бұзып, жол бойына шығып кеткен», – деді ведомство өкілдері.
Енді балалардың ата-аналарына айыппұл салынады. Жарақат алғандардың жағдайы туралы дәрігерлер мәлімдеді.
«2013 жылы туған бала үйіне жіберілді. Ал 2015 жылы туған қыз облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматология бөліміне жеткізілді. Диагнозы: жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы және бұғанасының сынуы. Қазіргі жағдайы тұрақты, толық көлемде ем қабылдап жатыр», – деді Ақмола облыстық көпбейінді балалар ауруханасының нейрохирургі Нұржан Ысқақов.
Жергілікті тұрғындар биліктен қауіпті жол учаскесінде тәртіп орнатуды талап етуде. Олардың айтуынша, жаңа қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін шұғыл шаралар қабылдануы тиіс.